Ө. Түсімов хабарлағандай, 5 шілде күні мемлекет басшысы "Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған. Оның айтуынша, бұл заң Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс пен "Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы" заңға өзгертулер енгізуді қарастырады.
"Көлікпен жасалған заң бұзушылықтарға байланысты жауапкершіліктің тізбекті түрде қатаңдатыған жүйесі енгізіледі. Бірінші рет заң бұзсаң - айыппұл тағайындалады, екінші рет - айыппұлға қоса білімің тексеріледі, үшінші мәрте - жүргізуші куәлігінен айырылу күтіп тұр. Айыппұл көлемі мен жүргізуші құқығынан айырылу мерзімінің баламалы мөлшері жойылады. Айыппұл болса - нақты бір сома; егер жүргізуші куәлігінен айыру болса - нақты бір мерзім алты ай, екі жыл, бес жыл, он жыл болып белгіленеді", - деп хабарлады Жол полициясы комитетінің төрағасы.