ҚР ІІМ-іне қылмыспен күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2007-жылға дейінгі бағдарламаны бір айда толықтыру туралы тапсырма берілді

Бұл бағдарлама бастапқыда 2005-2006-жылдарға есептелген-тұғын. Алайда, үкіметтегілердің пайымдауынша, бағдарламаны екі жылға жасау "мемлекеттің бюджеттік саясатына" қайшы келеді. "Қазір үш жылға есептелген "Жергілікті бюджеттерден қаржы және субвенция бөлу туралы" заң қабылдануда, сол себепті, жергілікті бюджеттен қаржыландыруды қарастыратын кез-келген бағдарлама осы мерзімге сай келуі тиіс",- деді ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов.

Ал ҚР ІІМ-нің бірінші орынбасары Иван Оттоның айтуынша, ҚР қылмыспен күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі бағдарлама 2005-жылғы жергілікті бюджеттермен ғана сәйкестендіріліп, келісілген.
Осыған байланысты ҚР үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне бағдарламаны жергілікті бюджеттерден қаржыландыруды 2007-жылға дейін жоспарлап, "қаржылық тұрғыдан" құжатты толықтыруды тапсырды.