"Елімізде цемент бағасының өсуіне тікелей әсер ететін ешбір алғышарт жоқ, елімізде электр құны шұғыл өзгерген жоқ, цемент құрамындағы заттардың бағасы да қымбаттаған жоқ, демек, біздің пайымдауымызша, бағаға қатысты ымыраластық қана бар",- деді Ғ.Оразбақов.
Оның айтуынша, өнім өндірушілер өздерімен аффилиирлік байланыстағы делдалдарға цементтің бір тоннасын 10 мың теңгеге сатса, нарықта ол бір тоннасы 25-30 мың теңгеге сатылуда. "Делдалдар бағаны 2-3 есе қосып, пайда соларда қалып жатыр, ал цемент зауыттары аз кіріс көрсетіп, салықты аз төлейді, тіпті олар салық төлеуден жалтарып отыр деуге де негіз бар",- деді министр.
Ғ.Оразбақовтың хабарлауынша, қазіргі күні министрлік Қазақстандағы негізгі төрт өндірушінің іс-қызметіне қатысты тексеру жүргізіп, соның ішінде Семей және Өскемен зауыттарына қатысты 2005-2006-жылдарда баға бойынша ымыраласу дерегі туралы тұжырым жасаған. "Осыған қатысты анықтамалар тапсырылды, тәркілеп алынуға тиісті монополиялық кіріс есептелді, алда сот мәжілістері күтіп тұр",- деді Ғ.Оразбақов.
"Мен осы орайда цемент өндірістерінің қожайындарына қаратып былай дер едім: қазір біз елімізде кең ауқымды тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Ал кейбіреулер бұдан шектеусіз жоғары пайда тапқысы келеді. Олардан өз мүмкіндігін асыра пайдаланбауды сұраймын. Олай болмаған жағдайда біз қаржы полициясы мен салық органдарына тапсырма беріп, қатаң шараларға баруға мәжбүр болмақпыз. Өйткені, цементтің қымбаттауы тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға кедергі келтірмек",- деді министр. "Егер құрылыс материалдарының бағасы осылайша бейберекет өсе берсе, онда біз мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында жария етілген бір шаршы метрді 56 515 теңгелік бағадан ауытқып кетеміз", деп қосты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті