Атап айтсақ, 29-30- қыркүйекте Алматыда, 1-3-қазанда Астанада "Германия экономикасының Қазақстандағы күндігі" өтіп, оған ГФР-ның ресми өкілдері де қатысады деп күтілуде. Аталмыш шара аясында Баден-Вюртенберг және Саксония федералдық аймақтарынан келген кәсіпкерлердің қатысуымен байланыс орнату мақсатындағы кооперациялық биржалар ұйымдастырылмақшы.
Сондай-ақ, қыркүйектің 2-7 жұлдызында Алматыда өтетін құрылыс көрмесіне Бавария Федералдық өлкесінің кәсіпорындары қатысады деп келісілген. 10-17-қыркүйекте Германиялық кәсіпкерлер Астана мен Ақтөбеде, ал 28 қыркүйек пен 2-қазан аралығында Саксониялық және Баден-Вюртенберг өлкелік кәсіпкерлері Алматыда болып, кооперациялық биржа өткізеді деп межеленді. Сонымен бірге, Алматыда Германияның Федеративтік машина өндірушілер бірлестігі симпозиум ұйымдастырады деп күтілуде.
10-қазанда Кельн қаласы мен Солтүстік Рейн-Вестфалия Федералдық өлкесінде Қазақстан күндігі өтеді. Шара аясында Қазақстандық кәсіпкерлер ANUGA көрмесіне қатысады. 14-қазанда Лейпциг қаласында "Қазақстан мен Өзбекстан - біздің экономикалық әріптестеріміз" атты көрме өтеді. 21-қазанда Хайденхайм (Баден-Вюртенберг) қаласында "Қазақстанның ақпараттық күндігі " ұйымдастырылады.
ҚР индустрия және сауда министрлігінен хабарлауынша, бұл шаралардың барлығы да Германиялық және Қазақстандық кәсіпорындар арасында етене жақын экономикалық байланыстар орнату, сауда-саттық саласындағы алыс-беріс, барыс-келісті ұлғайту, жоғары технологиялық өндірістер негізін қалау үшін Қазақстан рыногіне неміс кәсіпорындарын тарту мақсатын көздейді.