Қ.Баймышевтың айтуынша, ҚР индустрия және сауда министрлігі жүргізген талдау қорытындысына сәйкес, қазақстандық құрылыс кәсіпорындары жыл сайын жалпы көлемі 900 млн. доллардың құрылыс материалдарын импорттайды. Ал осы сырттан әкелінетін материалдардың басым бөлігін отандық кәсіпорындар өндіре алады.
Бағдарламаның басты мақсаттары - елімізді құрылыс материалдарымен өз күшімен қамтамасыз ету, импорт ауқымын шұғыл азайту, қосымша жұмыс орындарын құру болмақ.
Бағдарлама жобасына сәйкес, "жекелеген аймақтарды түрлі құрылыс материалдарымен еліміздің өз күшімен қамтамасыз ету үшін ондаған кәсіпорын құру көзделіп отыр",- деді Қ.Баймышев.
Мәселен, керамикалық кірпіш өндіретін 4-5 ірі кәсіпорын, минералды плиталар мен жапсырмалар өндіретін бірнеше зауыттар салу жоспарланған. 3-4 облыс орталығында өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандарын салуға арналған панельді бетон конструкциялар өндіретін зауыттар салынады. Сондай-ақ, пенобетонды кеңінен қолдануға жағдайлар жасалмақшы. Қазір пенобетон өндіретін бірнеше кәсіпорын салу жобаларын банктер тарапынан қаржыландыру мәселесі пысықталуда.
Сонымен бірге, бағдарлама бойынша Павлодарда арматура өндірісін құру, "Қарметкомбинат" аясындағы темір конструкциялар өндірісін қалпына келтіру, цемент шығарушы қазіргі бар өндірістерді жаңалау межеленген. "Ресейде цемент өндіру көлемі кемітілген жағдайда біз қиындыққа душар болатынымыз анық. Цементті Түркия мен Франциядан таси алмаймыз ғой!",- дейді Қ.Баймышев. "Осындай жағдайға жол бермеу үшін Батыс Қазақстанда салынатын зауыттың техника-экономикалық негіздемесі мен жобасы әзірленді. Ол осы өңірдің цементке деген сұранысын толық қамтамасыз етуі тиіс",- дедіҚ.Баймышев.
Алдағы уақытта ҚР индустрия және сауда министрлігі елімізде алюминий профильдерін өндіретін зауыт құруға мұрындық болмақшы.
Қ.Баймышевтың айтуынша, бағдарлама 2014-жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс. Жоба үкіметтің қарауына жуырда ұсынылады.