Жоба тұжырымдамасын таныстырған индустрия және сауда министрінің орынбасары Әсет Исекешевтің хабарлауынша, ұлттық инновациялық жүйенің басты мақсаты - ұлттық әлеуетті дамыту, инновациялық-кәсіпкерлік ортаны қалыптастырып қолдау болып табылады. Инновациялық жүйе құрудағы басты мақсат - санаткерлік әлеуетті тиімді пайдалану, жаңа білімдерді жинақтау және оны коммерциялық сипатқа көшіру негізінде ел экономикасының тұрақты бәсекелестік ахуалда дамуына жағдай жасауға саяды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасында ұлттық инновациялық жүйені құрып дамыту туралы мемлекеттік бағдарламасы жобасының тұжырымдамасы Сингапур, АҚШ, Қытай және Германия сынды жоғары деңгейде дамыған елдердің инновациялық инфрақұрылым қалыптастыру тәжірибесінің негізінде даярланған. Тұжырымдама бойынша Қазақстанда көп деңгейлі ұлттық инновациялық жүйе, яғни, техносаябақтар, ғылыми саябақтар, технологиялық бизнес-инкубаторлар, аймақтық инновациялық қорлар құру қарастырылған.