ҚР кедендік бақылау агенттігі СЭС және көлік бақылауы функцияларын кедендерге беру туралы ұсыныс жасады

А.Ержановтың айтуына қарағанда, ҚР кедендік бақылау агенттігі басшылығының пікірінше, қазіргі таңда аталмыш қызметтердің мамандары ең ірі кедендік бөлімшелерде ғана жұмыс істейтіндіктен , әрі тиісті деңгейде жабдықпен қамтамасыз етілмегендіктен өздеріне жүктелген функцияларды тиімді атқара алмай отыр. Алайда, жүктер мен тауарлар аталмыш қызмет түрлері арқылы міндетті түрде өтуі тиіс. Бұл өз кезегінде сыртқы экономикалық байланысқа қатысушылар үшін қосымша қиындықтар туғызып, ел шекарасында тарифтік емес сипаттағы қосымша тосқауылға айналып отыр.

Ал ҚР кедендік қызметі болса, Шекаралық қызметпен бірдей бұл функцияларды өз мойнына алуға мүмкіндігі жететін, ең ірі әрі техникалық тұрғыда толыққанды жабдықталған қызметке саналады. Аталмыш құзырет аясы Агенттікке берілген жағдайда бұл мекеме жүктердің ҚР шекарасы арқылы өтетін мерзімі мен сыртқы экономикалық байланысқа қатысушылардың қосалқы шығындарын біршама қысқартуға күш салмақ.