ҚР Конституциялық кеңесі президент сайлауының мерзімін анықтау жөніндегі депутаттардың өтінішін бір айдың ішінде қарайды

"Конституциялық кеңес 2005-жылдың 6-шілдесінде парламент мәжілісі депутаттарының Ата заңның 94-бабының 1-ші тармағы және 41-бабының 1-тармағына ресми түсініктеме беру және Қазақстандағы кезекті президент сайлауының мерзімін анықтап беру жөніндегі өтінішін қарауға қабылдады",- деп хабарлайды Конституциялық кеңес.

"Конституциялық кеңес туралы" конституциялық заңға сәйкес депутаттардың өтініші Конституциялық кеңестің ашық жиналысында бір айдың ішінде қаралады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осы жөнінде сауал жолдау туралы мәжіліс депутаты Валерий Котович бастама көтерген. ҚР Ата заңының 56-бабына сәйкес, президент сайлауының мерзімін жариялау құқығы тек мәжіліске ғана тиесілі. Осыған байланысты мәжіліс депутаты ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков пен ҚР әділет министрі Зағипа Балиеваға президент сайлауының нақты өткізілетін күні туралы сауал қойған. Олар кезекті президент сайлауы 2006-жылдың желтоқсан айында, яғни, мемлекет басшысының 7 жылдық өкілеттілік мерзімі аяқталған соң өткізіледі деп жауап қайтарды.
Ал бірқатар сарапшылардың пікірінше, жаңадан сайланған президент 2006-жылдың қаңтар айында қызметке кірісу үшін сайлау 2005-жылдың желтоқсан айында өткізілуі тиіс деген пікірде. Сонда ғана Конституцияның 41-бабында көрсетілген 7 жылдық өкілеттілік мерзімі сақталады.
ҚР Ата заңына сәйкес, тек Конституциялық кеңес қана оның тәртіптеріне ресми түсініктеме беруге құқылы.