Мемлекет басшысының жарлығымен Николай Белоруков ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Сондай-ақ, ҚР парламенті сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевтың 2005-жылғы 31-наурыздағы өкімімен Ұбайдолла Стамқұлов ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың 2005-жылғы 1-сәуірдегі өкімімен Аманжол Нұрмағамбетов ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.
"ҚР Конституциялық кеңесі туралы" ҚР Конституциялық заңының 15-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасына және 2-тармағының 9-тармақшасына сәйкес ҚР Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің аяқталуына байланысты Анатолий Котов, Амангелді Есенжанов, Құрманбек Омархановтар ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі қызметінен босатылды.
Республика Ата заңына сәйкес, ҚР Конституциялық кеңесі 7 мүшеден құралады. Олардың өкілеттілік мерзімі 6 жылға созылады. ҚР Конституциялық кеңесінің екі мүшесін президент, екі мүшесін -сенат төрағасы, екі мүшесі мәжіліс төрағасы тағайындайды. ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасын мемлекет басшысы бекітеді. Конституциялық кеңес мүшелерінің тең жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс.