ҚР МАМ этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауын жариялады

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылатын республикалық деңгейдегі байқаудың үйлестірушісі әрі ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады.

Конкурс қоғамдағы этносаралық келісімді және Қазақстан халқының бірлігін нығайту, этносаралық қатынастар мен мәдениетаралық үндесу саласындағы мемлекеттік саясат жетістіктерін жарыққа шығару, қазақ халқы мен Қазақстанда өмір сүретін этностардың мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақстандық этножурналистиканы дамытуға ықпал ету, этносаралық келісім тақырыбын жариялаудағы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру мақсатында өткізіледі.

Оған қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, сарапшылар және жекелеген авторлар қатыса алады. Байқауға қатысу үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланған баспа бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернет ресурстарындағы мақалалар, теле-радио хабарлары мен бағдарламалар қабылданады.

Конкурсқа 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 қарашаға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылған мақалалар, теле-радио хабарлар және бағдарламалар қабылданады. Жеңімпаздар Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан сыйлықтармен және құрмет грамоталарымен марапатталады.