ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының Қазақстандағы өкілімен кездесті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. 

Кездесуге сондай-ақ Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Тарасенко қатысты.

Тараптар әйелдерді жұмыспен қамту, әйел кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту мәселелерін шешу ісіндегі ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екеніне тоқталды. Гендерлік теңдікті ілгерілету, еліміз мүшесі болып табылатын әйелдерге қатысты шектеудің барлық түрін жою туралы БҰҰ Конвенциясы ережелерін сақтау жөніндегі бірлескен жұмысты атап өтті. Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының белсене атсалысуы арқылы әзірленіп, қабылданды.

Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі жағдайдағы әйелдер рөлінің көпқырлылығына және олардың жан-жақты дамуы мен жасампаздық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау қажеттігіне назар аударды.

Мемлекеттік хатшы Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаты аясында жаңа жұмыс орындары мен өндірістер құрумен байланысты барлық инфрақұрылымдық жобаларға әйелдерді белсенді түрде тартуға Ұлттық комиссия барынша ықпал ететінін атап көрсетті.

Қазақстан гендерлік теңдік ұстанымында Орталық Азия өңірінде көшбасшы мемлекет, Орталық Азиядағы «БҰҰ-Әйелдер» көп елдік бөлімшесінің директоры, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» өкілі Илейн Конкевич осылай мәлімдеді.

БҰҰ өкілінің айтуынша, Қазақстанның рейтингін көтеру үшін әйелдер мен ерлер табыстарының арасындағы үлкен айырмашылық жағдайын жақсарту қажет. 



«Ер азаматтар әйелдерге қарағанда көп табады. Бұдан бөлек, Қазақстанда Парламентте және жергілікті әкімдіктерде әлі де болса әйелдердің 30 пайыздық үлесі еңсерілген жоқ. Дегенмен, Қазақстанның мемлекеттік басқаруында әйелдердің пайыздық үлесі соншалықты аз емес - Парламенттің төменгі палатасында 26 пайызды құрайды. Әйтсе де, бұл көрсеткішті 30, одан да жақсырақ тіпті 40 пайызға арттырып, әйелдердің Қазақстандағы саяси мәселелерді шешуге қатысуын жақсарту қажет. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға және оның алдын алуға қатысты жұмыстарды жақсарта түсу маңызды», - деді И.Конкевич.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда гендерлік теңдік бағытын түсіндіру бойынша да жұмыстар атқарылуы тиіс. 
«Дегенмен, Қазақстан Орталық Азия өңірінде гендерлік теңдікті ілгерілету бөлігінде тарихи рөл атқарып келеді», - деді БҰҰ өкілі. 
Оның сөзіне қарағанда, гендерлік теңдікті ілгерілету көрсеткіштеріне білімді әйелдер саны, олардың ірі компанияларды басқаруға қатысу үлестері де әсер етеді.