ҚР мемлекеттік хатшысы өзінің жеке жинағынан біздің жыл санауымызға дейінгі 5-ғасырдан қалған 4 жәдігерді Астанадағы мұражайға сыйлады

Мұражайға сыйға тартылған бұйымдардың арасында қола шамдал, екі бірдей қола қазан мен тастан жасалған көлегей шам бар. Аталмыш мұрағаттарды мұражайға тапсыру барысында И.Тасмағамбетов "көшпенді ата-бабаларымыз әлемдік мәдениет құндылықтарының қатарына басқа халықтармен бірдей өзіндік үлесін қосты",- деп атап көрсетті.

Мұражайға тарту етілген қазанның бірі, мемлекеттік хатшының айтуынша, Алматы облысында металл қалдықтарының арасынан табылған. Екіншісі де осыдан 25 жыл бұрын Алматы облысындағы темекі егетін кеңшарда табылыпты. Оны ауыл мұғалімі егістіктен тауып алған. Кейіннен ол құнды жәдігерді өзімен бірге алып Ресейге қоныс аударыпты. 1999-жылы И.Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып жүрген кезде құнды мұрағат әкімнің көмегімен елге қайтадан оралды.
Ал И.Тасмағамбетовтың жеке жинағына алынған тас шамдал біздің жыл санауымызға дейінгі 5-3 ғасырдан қалған ескерткішке саналады. Ол Батыс Қазақстаннан табылған.