ҚР Орталық сайлау комиссиясы 1600-ден астам байқаушыны аккредитациялады

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, "Орталық сайлау комиссиясына ҚР СІМ-інен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының миссиясынан, ТМД елдерінің бақылаушылары миссиясынан және шетелдік БАҚ өкілдерінен 15 байқаушыны аккредитациялау туралы таныстыру келіп түсті".

Атап айтсақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының миссиясынан 1, ТМД елдерінің бақылаушылары миссиясынан 3, Бельгия, Венгрия, Корея, Норвегия, Ресей, Жапония және Швеция елдерінің БАҚ өкілдерінен 11 адам аккредитацияланды.
Сөйтіп, қазіргі жағдаймен "шетелдік байқаушылар мен БАҚ өкілдерінен 1605 адам аккредитацияланды",- деді Т.Охлопкова.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың айтуынша, комиссия тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшті. "Канцелярия түнгі сағат 24-ке дейін жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде СІМ-нің таныстыруы келіп түссе, оның уақыты мен мерзімі тіркеледі. Мәселен, таныстыру 23 сағат 59 минутта келіп түскен жағдайда Орталық сайлау комиссиясы таңертең шұғыл жиналыс өткізіп, байқаушыларды заңды негізде аккредитациялайды",- деді О.Жұмабеков.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, халықаралық байқаушыларды аккредитациялау шарасы 28-қарашада Астана уақыты бойынша 24 сағатта аяқталды.
Президент сайлауы 4-желтоқсанға белгіленген.