ҚР Орталық сайлау комиссиясы аудан әкімдерінің эксперименттік сайлауына оң баға берді

"Бұл тәжірибе міндетті түрде зерттеліп, алдағы уақытта кәдеге асады",- деді О.Жұмабеков.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, әкім сайлауы туралы жарияланған сәттен бері Орталық сайлау комиссиясына Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан небәрі екі хат келіп түскен. Олардың бірінде атқарушы биліктің сайлауын алып тастау туралы, ал екіншісінде үміткерлердің бірін сайлауға жібермеу туралы өтініш жасалыпты.
Облыс басшылығының сайлаушыларға қысым көрсету мүмкіндігіне қатысты журналистер сауалына О.Жұмабеков: "облыс басшылығы тарапынан қысым көрсетілгені туралы ақпараттар мен мәліметтер комиссияға келіп түскен жоқ",- деп жауап қатты.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін, 12-тамызда еліміздің 4 ауданында эксперименттік әкім сайлауы өтті. Елбасының жарлығы бойынша аудан әкімдерінің сынақ түріндегі сайлауы Алматы облысының Ескелді, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті, Батыс Қазақстан облысының Жаңғала, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында болды.
Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметіне жүгінсек, барлық аудандарда сайлаушылар сайлауға толық қатысты.
Аудандық мәслихат депутаттарының алдын-ала дауыс беру қорытындысы бойынша Алматы облысының Ескелді ауданында Сұлтан Дүйсенбинов сайлаушылардың 84,6 процент, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында Баянды Қожамбетов 100 процент, Батыс Қазақстан облысының Жаңғала ауданында Төлеген Мерғалиев 100 процент, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында Төлеген Закарьянов 83,3 процент дауыс жинап, әкім болып сайланды.