Бұл шешімді отырысқа қатысқан 56 депутат бір дауыстан қолдады.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының жаңа төрағасын таныстырған президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков оны "соңғы екі жарым жылда мемлекеттің құқықтық іс-қызметін қамтамасыз етуге біршама күш жұмсаған жетекші, тәжірибелі әрі беделді заңгер" ретінде сипаттады. "ҚР әділет министрінің лауазымын атқарған тұста О.Жұмабеков өзін дарынды ұйымдастырушы, кәсіби білікті маман ретінде таныта білді",- деді Ә.Жақсыбеков.
Сонымен бірге ол Зағаипа Балиева ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрайымы қызметінен өкілеттілік мерзімі аяқталуға байланысты босатылғанын атап өтті. "З.Балиева Орталық сайлау комисиясын 10 жыл басқарды",- деді Ә.Жақсыбеков. "Төрайым Орталық сайлау комисиясының іргетасын қаласып, комиссияны аяғынан тік тұрғызуға үлкен күш-жігері мен білімін жұмсады",- деді президент әкімшілігінің жетекшісі.
Сонымен бірге мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ҚР Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрамын сайлады. Соған сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары болып Қуандық Тұрғанқұлов қайтадан сайланды. Ал ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы болып Владимир Фоос, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері болып Бақыт Меңдешев, Майдаш Оспанова, Татьяна Охлопкова, Ләззат Сүлеймен сайланды.
"Сайлау комиссиясының құрамы кәсіби жоғары білікті және тәжірибелі мамандардан жасақталды",- деді Ә.Жақсыбеков. Оның айтуынша, "комиссияның қазіргі құрамы ел ішінде де, республика аумағынан тысқары жерлерде де жоғары беделге ие".