ҚР ОСК «Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжіліс депутаттығына үміткер 35 кандидатын тіркеді

 «Сіздердің назарларыңызға Қазақстанның  «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасын ұсынып отырмын. Қаулы бойынша Қазақстанның  «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімі тіркеледі. Тізім бойынша тіркелген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік берілсін. Олардың саны - 35», - деді қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов.

Оның атап өтуінше,партиялық тізімге енгізілген азаматтардың ҚР-ның «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға сәйкес, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталды. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталды.

 «Сайлау заңнамасы бойынша Қазақстанның  «Ақ жол» демократиялық партиясы жарна төлеуден босатылады. Себебі 2012 жылы өткен сайлауда Қазақстанның  «Ақ жол» демократиялық партиясы  7 пайыздан көп дауыс жинаған болатын. Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын. Қазақстанның  «Ақ жол» демократиялық партиясы атауы сайлау бюллетеніне енгізілсін», - деп қосты комиссия хатшысы.


Осыдан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшелері сәйкесінше қаулыны бірауыздан қабылдады.