Аталған шешімді таныстырған ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен: «Сіздердің назарларыңызға Қанат Тоқтарұлы Жұманды ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартуы туралы қаулының жобасын ұсынамын. Қанат Тоқтарұлы Жұман 1969 жылы Астана қаласында туған. Тумасынан Қазақстан Респубилкасының азаматы. ҚР президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвисткалық комиссияның 2015 жылғы 7 наурыздағы 6-шы қорытындысы негізінде Қанат Тоқтарұлы Жұман мемлекеттік тілді еркін меңгермегені анықталды. Сол себепті Қанат Тоқтарұлы Жұман ҚР Конституциясының және «Сайлау» туралы заңның талаптарына сәйкес келмейді деп белгіленсін. Қанат Тоқтарұлы Жұманды Қазақстан Респубилкасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын», - деді.
Сондай-ақ, ОСК мүшелеріне мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдей алмаған президенттіке үміткер Есенбек Жапарұлы Үктешбаевқа және
Уәлихан Әбішұлы Қайсаровқа олардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар ретінде тіркеуден бас тарту туралы ұсыныс енгізді. Бұл ұсынысты Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан қабылдап, арнайы қаулы шығарды.
Сондай-ақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында кезектен тыс президенттік сайлауда сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану негізін айқындайтын қаулы қабылдады.
«Сіздердің назарларыңызға 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында қол қою парақтарын тексеру барысында сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану негіздері туралы» қаулы жобасын ұсынып отырмын. Қаулы бойынша, қол қою парағында: бірнеше адам үшін бір қолмен орындалған; нақты кандидат үшін қол қою парақтарында бір адам бір реттен артық орындаған; қол қою парағына сай деректер толық болмаған кезде; өз қолын кері қайтарып алушы сайлаушының жазбаша өтініші болған кезде; белсенді сайлау құқығы жоқ адам орындаған; қайтыс болған адамдар үшін орындалған сайлаушылардың қолдары жалған болып танылатындығы белгіленсін», - деді қаулы мәтінімен таныстырған ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешев.
Сонымен қатар ол аумақтық сайлау комиссиясы қол заңдардың талаптарын бұза отырып алынғаны анықталатын өзге жағдайларда да, қолды жалған деп тануы мүмкін екендігін атап өтті. Қаулы жобасына Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан дауыс берді.