Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссия хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті.
«Кандидаттардың сенімді өкілі бола тұрып, өзінің қызметін пайдаланып, қарамағында жұмыс істейтін азаматтарды үгіт жұмысына тартуға тыйым салынады. Үгіт жұмысы алдында сайлаушылармен кездесу барысында тегін тауарлар таратып, лотореялар ойнатуға да болмайды», - деді ҚР ОСК хатшысы.
Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, үгіт жұмысын жүргізген кезде кандидаттар өзінің үгіт плакаттарында елімізге есімі белгілі азаматтардың суретін оның келісімімен жария етуі тиіс. Келісімі болмаған жағдайда мұндай плакаттардың ілінуіне тыйым салынады.
«Плакатты жасаған кезде оның төмен жағында қандай қаражатқа бастырылып, қандай баспадан шығарылғаны көрсетілуі қажет. Мұнан бөлек, сайлау күнінде сайлау учаскесінің ішінде әлеуметтік сауалнама жүргізуге болмайды», - деді Б.Мелдешев.
Бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлеріне сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссия хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті.
«Еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес үгіт жұмысын жүргізуге мемлекеттік органдарға тыйым салынады. Лауазымды қызметте отырған азаматтар да өз қызметін пайдаланып, үгіт жүргізбеуі тиіс. Сонымен қатар әскери қызметшілерге, ҰҚК, сот, прокуратура, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне, ОСК мүшелеріне үгіт жұмыстарын жүргізуге болмайды», - деді Б.Мелдешев.
ҚР ОСК хатшысының сөзіне қарағанда, шет мемлекеттің азаматтарына да үгіт жұмыстарына араласуға тыйым салынған. Жалпы, үгіт-насихат жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, кандидаттың сенімді өкілдерінің халықпен кездесуі арқылы жүргізіледі.
«Бұл ретте, бұқаралық ақпарат құралдалдарына да үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Егер БАҚ өкілі үгіт жұмысын жүргізгісі келсе, онда жұмысынан уақытша кетуі қажет. Яғни, бір айға еңбек демалысына шығып, кандидаттың сенімді өкілі ретінде үгіт жүргізе алады», - деді ол.
Сайлауға бөлінген қаржының 70 пайызы жергілікті комиссия мүшелерінің жалақасына кетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы қаржы бақылау бөлімінің меңгерушісі Маржан Мұхаметова айтты.
«Үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде өтетін кезектен тыс ҚР Президенті сайлауына Үкіметтен 5 млрд. 141 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражаттың 70 пайызы жергілікті комиссия мүшелерінің жалақасына төленеді. Осы сайлауға 10 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылып, онда 70 мыңға тарта комиссия мүшелері жұмыс істейді», - деді ол.
М.Мұхаметованың айтуынша, заң талаптарына сәйкес сайлау комиссиясының әрбір мүшесіне 3 ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық төленетін болады. Бұдан бөлек Үкіметтік қордан бөлінген қаржы автөкөлік, байланыс және басқа да шығыстарға қаралады.
«Бұл қаржы Үкімет қорынан бөлінгеннен кейін оның басқа жайттарға жұмсалуына қатаң тыйым салынады. Біз бұл қаржыны 17 наурыз күні жергілікті сайлау комиссияларына жібердік», - деген ол маусым айының басында жергілікті сайлау учаскелеріне жұмсалған қаржының нақты есебін Орталық сайлау комисссиясына жіберетіндігін атап өтті.
«Еліміздің заңына сәйкес ағымдағы жылы ең төменгі жалақы 21 мың 364 теңгені құрайды. Демек, сайлау комиссиясының әрбір күшесіне 62 мың теңгеден жалақы төленетін болады», - деп қосты ол.