ҚР премьер- министрі мен ҚХР төрағасы экономиканың шикізатқа жатпайтын секторындағы өзара байланыстарды нығайту жайын талқылады

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін үкімет үйінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтік делегацияларының келіссөздері өтті.

ҚР премьер- министрі Кәрім Мәсімов пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао бастаған келіссөзге қатысушылар сауда- экономикалық және энергетикалық мәселелерге қатысты, сондай-ақ, Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекаралық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады.

Тараптар "шекаралық ынтымақтастықты дамытумен қатар, экономиканың шикізатсыз секторындағы өзара байланыстарды күшейту қажеттігін" атап өтті.

Қытайлық делегация машина жасау , телекоммуникация, химия және инфрақұрылым құрылысы сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, металлургия, мұнай-химия, көлік және логистика, энергетика, тоқыма өнеркәсібі, ғарыш индустриясы және туризм салалары бойынша да өзара қарым- қатынастарды дамытудың болашағы зор екені атап өтілді.

Кездесуді қорытындылаған Қазақстан премьер-министрі ҚХР төрағасының Астанаға сапары "Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту жолында тағы бір маңызды қадам болатынына" сенім білдірді.

Бүгін сондай-ақ, үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов ҚХР Мемлекеттік Кеңесі премьерінің орынбасары У И ханымды қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті