ҚР премьері Кәрім Мәсімов 9-12 наурызда АҚШ-қа барады

Баспасөз қызметінің хабарламасында атап көрсетілгендей, К. Мәсімов Вашингтонға сапары барысында вице-президент Ричард Чейнимен, мемлекеттік хатшы Кондолиза Райспен, сауда министрі Карлос Гутиерреспен, энергетика министрі Самуэль Бодманмен, АҚШ-тың сауда өкілі Сюзан Швабпен, Конгресс мүшелерімен, сондай-ақ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюталық қор басшылығымен, ірі компаниялардың басшыларымен және АҚШ-тың белгілі қоғам қайраткерлерімен келіссөздер жүргізеді деп жоспарланып отыр.

"Қазақстан премьері "Мемлекет пен жеке сектор серіктестігі" атты екі жақты қазақ-америка бастамасының ресми ашылуына қатысады. Бұл бастама экономиканың шикізаттық емес саласына, атап айтқанда, Қазақстандағы мемлекеттік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларына АҚШ инвестициясының, технологиясының және басқару стандарттарының ауқымды ағымын көздейді", - деп көрсетілген ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Үкімет басшысымен бірге АҚШ-қа бірқатар министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың, даму институттарының өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан бизнесмендерінің делегациясы барады.