ҚР Президенті Ақтөбе облысындағы бірқатар мембағдарламалардың орындалуын сынға алды


Елбасы атап көрсеткен олқылықтардың арасында тау-кен өнеркәсібіне қарағанда өңдеуші өнеркәсіптің ақсап тұрғаны, ауылдық жерлерде шағын бизнестің баяу дамуы, аудандарда тұрғын үйлерді жаңарту, ауыл шаруашылығының кенже дамуы, апатты жағдайдағы мектептер бар.

«Ақтөбе облысы экономикасының негізін тау-кен өндіру саласы құрайды. Еліміз үшін Ақтөбе облысы үлкен маңызға ие, сондықтан облыс әкіміне және атқарушы органдарға қатаң талаптар қойылады. 90-жылдардың басында тау-кен өндірісі 72 пайызды, ал өңдеуші өнеркәсіп саласы 68 пайызды құраған еді. Біз жұмыс жасап, жаңа нысандарды пайдалануға беріп жатырмыз, бірақ бәрі керісінше болып отыр: тау-кен өндірісі - 78 пайыз, ал өңдеуші өнеркәсіп саласы 22 пайызға дейін құлады», - деді Президент аймақ басшысына қарата айтқан сөзінде.

Мәселен, индустрияландыру картасы бойынша пайдалануға берілген 11 нысан толық күшіне енген жоқ.
«Биылдан бастап тау-кен өндірісіне қарағанда өңдеуші өнеркәсіп оза дамитын болады. 11 жобадан 6 жоба қалды, қалған мәселелер шешілуде, бүгінгі таңда тоқтап тұрған ешқандай өндіріс ошағы жоқ», - деп жауап берді әкім.

«Барлық жобалар жұмыс жасап тұр, бірақ 5-10 жобаның жағдайы қиын. Бұлардың ішінде 6 кәсіпорын 25-30 пайыздық қуаттылық деңгейіне жетті, жағдай экономиканың тұрақты деңгейге көшуімен оңалуы тиіс», - деді индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.

Сондай-ақ, Президент облыстағы субсидияланған шағын және орта бизнестің 80 пайызы ауылды жерлерге емес, облыс орталығына тиесілі екендігіне мән берді. Аймақта ауыл шаруашылығы кенже даму үстінде. Облысқа ішіп-жем өнімдері импортталуда - тек 3 жыл ішінде облысқа 800 млн.долларлық азық-түлік өнімі импортталған.