ҚР Президенті кубогы үшін шайбалы хоккейден халықаралық турнирдің жеңімпазы - «Барыс»

Сенбі күні елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орайластырылған ҚР Президенті кубогы үшін шайбалы хоккейден халықаралық турнирдің финалдық ойнында еліміздің белді командасы қарсыласынан басым түсті. Ойын нәтижесінде елорданың «Барыс» командасы 2-1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, спорттық шараға Қазақстан мен Ресей Федерациясының негізгі хоккей командалары қатысты. Жанкүйерлер Ханты-Мансының «Югра», Хабаровскінің «Амур», сонымен қатар астаналық «Барыс» және өскемендік «Қазмырыш-Торпедо» клубтары ойыншыларының мұз айдынындағы өнерін тамашалауға мүмкіндік алды.

ҚР Президенті кубогы үшін шайбалы хоккейден халықаралық турнир осымен екінші мәрте өтіп отыр. Хоккей жанкүйерлерінің есінде болса, өткен жылы финалда Минскінің «Динамо» командасымен тартысты ойын өткізген Астананың «Барыс» командасы сол жолы да 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.