ҚР Президенті Н.Назарбаевтың VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның жалпы отырысында сөйлеген сөзі

Бүгін Астанада өтіп жатқан VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті. 

«ХХІ ғасырда барлық мемлекеттер, барша саясаткерлер "G-global" әлемінде, оның эволюциялық, сенімділік, ашықтық, толеранттылық пен диалогтық қағидаттарымен өмір сүруге үйренулері керек. Жаһандану сөзсіз бүкіл әлемді әрбір адам үшін барынша жақын әрі барынша қолжетімді етіп отыр. Алайда, қазіргі уақытта ең күрделі жаһандық экономикалық дағдарысты бастан өткеріп отырған әлем қайта құлдырау мен рецессия жағдайына түсуі әбден мүмкін», - деді Н. Назарбаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, «халықаралық қатынастар теңдігінің шайқалуы, жаһандық диалогтың доғарылуы - бұл қауіпті үдеріс».

"Әлемдегi жағдай барлық елдердi әлi де алаңдаушылықта ұстауда. Бiз әлемдiк үрдiстер дамуының түрлi нұсқаларына дайын болуымыз керек. Жаһандық қаржы, қарыз дағдарысының және еуроаймақтағы әлеуметтiк шиеленiс пен араб елдерiндегi бiрқатар әлеуметтiк дүрбелеңдердiң басылмай жатқан жаңғырықтарымен қатар, бiз жаңа қауiп-қатерлермен бетпе-бет келудемiз. Бiрiншiден, дамыған мемлекеттер қайтадан қалпына келiп жатқан кезде экономикасы дамып келе жатқан елдердің бәсекеге қабiлеттiлiгi жаппай төмендеуде. Сарапшылар капитал ауысуының үдеуiн болжауда. Бұл жағымсыз сценарий бойынша дамушы елдерге инвестицияның 50 және одан да көп пайызға қысқаруына алып келуi мүмкiн. Екiншiден, табыс теңсiздiгi ұдайы өсуде. Өмiр сапасына байланысты байлар мен кедейлердiң арасындағы алшақтық ұлғаюда. Бұл өз кезегiнде әлеуметтiк шиеленiстi күшейтуде. Халықаралық зерттеулер бойынша 2014 жылы әлемдiк түйткiлдер рейтингiнде кедейшiлiк және байлар мен кедейлер арасында ұлғайып келе жатқан алшақтық проблемасы бүкiл дүниежүзi бойынша 3-орында тұр. Дегенмен бұл кедейлердiң проблемасы емес. Батыс Еуропа, Германия, Австрия, Испания, Франция тұрғындары кедейлер мен байлар арасындағы алшақтықты рейтинг бойынша 1-орынға қойды", - дедi Мемлекет басшысы. 

 ҚР Президентiнiң атап өткенiндей, қазiргi кезеңде әлеуметтiк шиеленiс жағдайында экономикалық, әлеуметтiк және саяси қақтығыстар жиiлеп, нағыз әскери операциялар мен шынайы экономикалық санкциялар енгiзуге ұласуда. 

"Бүгiнгi кезде әлем әлеуметтiк шиеленiстердiң өршiп кету және әскери күш-қуаттың еселену фазасына түсуде. Бiрақ "Кiм күштi - сонiкi ақиқат" деген әлеуметтiк дарвинизм қағидаты - деструктивтi болып табылады. Өйткенi мұндай жағдайда қаншама ұрпақтар жасаған нәрсенiң барлығы құрдымға кетуi мүмкiн. Бiз проблеманы шешуге емес, одан әрi ушығуына алып келетiн қақтығыстар үшiн тым қымбат баға төлеудемiз", - дедi Н. Назарбаев. 

 Баяндама барысында Елбасы шешiмiн күтетiн жаңа мәселелер туындағандығын да тiлге тиек еттi. 

 "Жаңа жағдайдағы мемлекеттiң рөлi әлемдiк қаржы-экономикалық қатынастар сәулетi, биполярлылық және Бретенвуд келiсiмдерi сияқты бұрыннан келе жатқан сауалдарға әлi де болса жауап табылған жоқ. Бiз ортамерзiмдiк перспективада экономикалық өсiм бiршама төмендейтiндiгiне дайын болуымыз керек", - дедi ол.

Нұрсұлтан Назарбаев кедейлікті жоюға негізделген жол картасын әзірлеуді ұсынды.

«Біз баршамыз теңсіздікті қысқарту мен кедейшілікті жою мәселесі секілді басты мақсатта жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Осындай күрделі проблемалар бола тұра, атап айтқанда көршілес елдердегі бұндай ахуалды ескере отырып, жаһандық әлемде үйлесімділік пен жетістікте өмір сүру мүмкін емес. Олардағы қақтығыс өрті кез келген елге ауысуы мүмкін»,-деп тоқталды Президент.

«Менің көзқарасым бойынша, аталған мақсаттарды шешу үшін екі бағытта жылжу керек. Біріншіден, экономикалық дамудың әлеуетін барынша пайдалану, жаңа экономикалық шайқалуға жол бермеу керек. Екіншіден, кедейлікті жоюға негізделген жол картасын әзірлеу қажет. Онда Азия мен Африканың кедей мемлекеттерінде адами капиталды дамыту тұрғысында ауқымды тетіктер қарастырылуы тиіс»,-деді Елбасы.

Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша жетекші державалар диалогының тоқтап қалу мүмкіндігіне қатысты ерекше алаңдаушылық білдіреді.

Бүгін Астанада өтіп жатқан VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бұндай диалогтың үзілуі бұған дейінгі соңғы онжылдықтарда ядролық қатерлерді қысқарту жөніндегі қол жеткізілген жетістіктердің барлығын жоққа шығарып тастауы мүмкін», - деп атап өтті  Н. Назарбаев.

«Екіншіден, бізді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украинадағы белең алып отырған қақтығысты шешудегі қауқарсыздық белгілері де алаңдатады. Бұндағы себептердің бірі - 2010 жылы өткен тарихи Астана саммитінен кейін де аталмыш Ұйымды реформалауға қатысты саяси ерік- жігердің болмауы», - деді  Мемлекет басшысы.

Кедей елдердегі шағын несиелендіру мәселесі маңызды.

«Экономикалық қарым-қатынастарды барынша саясатсыздандыру маңызды. Мен жаңа ғана Нобель лауреаттарының тобымын кездестім. Осы жүздесу барысында Мұхаммад Юнус (Нобель сыйлығының лауреаты, «Grameen Bank» банкінің негізін қалаушы) бүгінде банктер бай мемлекеттер үшін жұмыс істеп жатқандығын атап өтті. Сондықтан да кедейлерге назар аудару, шағын несиелерді жүзеге асыру, әсіресе, әйелдер мен жастарға осындай қаржылық қолдауды бағыттау біздің алдымызда тұрған маңызды мақсаттардың бірі болып табылады», - деп атап өтті Президент.

Қазақстан санкция салу саясатының жаһандық еркін сауда және еркін рынок қағидатына қайшы келетінін алға тартады. Бүгін Астанада өтіп жатқан VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті. 

«Қазақстан санкция салу саясатының жаһандық еркін сауда және еркін рынок қағидатына қайшы келетінін алға тартады. Еске сала кетейін, халықаралық қатынастардағы мұндай тәжірибе тарихта ешқашан да нәтижелі болған емес. Бұндай шара сөзсіз жаһандық экономикалық өсімді тежейді, жаһандық әділ энергетикалық жүйені қалыптастыруға кедергі болады», - деп атап өтті Елбасы Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдік саясатта сенімділік деңгейінің төмендеуі - аса қауіпті құбылыс. «Өйткені, ХХІ ғасырдағы сенім - бұл өте-мөте экономикалық категория. Сенім жоғары болған сайын, әлемдік экономиканың ауқымды өсу мүмкіндігі де зор бола түседі», - деп түйіндеді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев демографиялық өсім беріп отырған елдердің мәселесіне назар аударуға шақырды.

«Әлемнің кедей өңірлері демографиялық тұрғыда қарқынды өсуде. 2030 жылға дейінгі аралықта Жердегі халықтың 90 пайызға жуық өсімі Африка мен Азия секілді екі өңірдің есебінен болады. Осы аймақтардағы халықтың кедейшілік деңгейі орташа есеппен 30 пайызға жуық көрсеткішке тең. Бұл өз кезегінде байлықты бөлудегі жаһандық теңсіздіктің артуына алып келуде»,-деді Мемлекет басшысы. 

Осы орайда Елбасы зерттеу институттарының мәліметтеріне тоқтала келе, бүгінде әлемдегі халықтың 1 пайызына жуығында әлемдік байлықтың 40 пайызға тарта деңгейі шоғырланғанын жеткізді.
«Сонымен бірге Жер халқының 70 пайызы байлықтың тек 3 пайызын ғана иеленуде. Демографиялық трендтерді ескере отырып, аталған үрдіс тек арта түседі. Осындай ахуал жаһандық дамуды айтарлықтай тежеуі мүмкін және болашақта аса ірі әлеуметтік қарама-қайшылықты арандатуы ықтимал»,-деп түйді Н. Назарбаев.