Б.Ельцинмен бір сағатқа жуық созылған екеуара әңгімеден кейін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында Н.Назарбаев былай деді :
"Біз өткен мерзімде бұрынғы бір мемлекетті егеменді республикаларға айналдыруға, шекараларды бөлісуге, Каспийді бөлісуге, Байқоңырды бірлесіп басқаруға, бұрынғы Кеңестік берешектерді бөлісуге , 1991-жылы Алматыда ТМД-ны құруға және оны дамытуға бағытталған сан-салалы бөліске қатысты аса күрделі мәселелердің түйінін тарқаттық. Осы мәселелердің барлығында да біз Борис Николаевич екеуіміз ортақ көзқарас ұстанып, бұрынғы Кеңестік республикалардың бір-бірінен тым алшақтап ірге ажыратуына жол бермеуге тырыстық" ,- деп атап көрсетті.
Елбасының пайымдауынша, дәл осындай көзқарас ортақтығының арқасында дәл қазір Қазақстан мен Ресей барлық мәселелер бойынша стратегиялық әріптестер, одақтастар болып табылады.
"Қазір екі ел Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастыққа, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісімге мүше. Біз, Борис Николаевич екеуіміз 1992-жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара қолдау жөніндегі келісімге, ал 1998-жылы 21-ші ғасырға бағышталған мәңгілік достық және одақтастық жөніндегі Келісімге қол қойдық. Бұл құжаттар өзара қарым-қатынастың қазіргі негізін қалады",- деді Н.Назарбаев. Осы орайда Қазақстан Елбасы өзінің бұрынғы Ресейлік әріптесімен амандық-саулықта қайтадан қауышып отырғанына қуаныш білдіріп, бірнеше күн бойы онымен бірге болып, бұдан былай не істеу керектігі жөнінде ой бөлісуге құштарлық танытты.
Өз кезегінде Борис Ельцин : "Өмір бойы әртүрлі қызметтер атқара жүріп Қазақстанда он шақты мәрте болдым, бірақ соңғы уақыттарда Қазақстанға жолым түспеді, әсіресе Целиноградта болсам да күні бүгінге дейін Астанаға бірде-бір рет ат басын тіремедім",- деп атап көрсетті. "Өз басым қайта түлей бастаған, кей бағыттарда тіпті қазірдің өзінде жаңғырып үлгерген Қазақстанды көргім келеді . Қазақстан жаңартулар бойынша Ресейді де басып озып, жыл сайын 10 проценттік экономикалық өсімге қол жеткізіп отыр",- деді Ресейдің бұрынғы президенті.
"Мұндай табысқа Қазақстанның соңғы 13 жылда жолының болуы, әсіресе менің өз досым Нұрсұлтан Әбішұлы секілді дарынды адамның Қазақстанның мемлекет басшысы болуы себепкер. Біз екеуіміз елімізбен бірдей талай қиындықтарды басымыздан өткердік. Біздің көзқарастарымызда ешқандай принциптік қарама-қайшылықтар болған емес, мұндай жағдай Қазақстан мен Ресейге де қолғабысын тигізіп, екі ел үшін аса маңызды шешімдер қабылданды. Өз басым Ресей Федерациясының қазіргі президенті Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында өзара түсіністік орнап, мейірбан қарым-қатынас қалыптасқанына , екі ел арасында көптеген маңызды келісімдерге қол қойылғанына қуаныштымын",- деді Борис Ельцин.
"Мен жаңарған Қазақстанды көріп көзайым болғым, үзеңгілес досым Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгіме-дүкен құрып шер тарқатқым келеді ",- деді ол.
Б.Ельцин 7-шілде күні кешкісін Қырғызстанға, Ыстықкөлге жол тартады, соған дейін ол Бурабай дауажайында Н.Назарбаевпен бірге бірнеше күн демалмақ.