ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хабар» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбаты

«Егер де шығарған өнімдерімізді, тауарларымызды біреу сатып алмайтын болса, ол сол күйінде қоймада қалады. Осыдан кейін зауыт тоқтап, жұмысшылардың барлығы жұмыстан босатылады. Жақын көршілермен экономикалық қарым-қатынас жасау маңдайымызға біткен. Мүмкіндігіміз осы және біздің басқа амалымыз жоқ. Сондықтан саяси емес, экономикалық одақ құру - ол дұрыс таңдау. Мен бұған зерттеген түрде, білген түрде шын көңіліммен барып отырмын. Біз Ресеймен және Қытаймен сауда-саттық жасамасақ болмайды. Сонымен қатар Беларусьпен, Украинамен, оңтүстіктегі ағайындармен де әрине, сауда жасағанымыз жөн», - деді Елбасы.

«Кейбіреулерде Ресей бізді басып алады деген үрей бар. Бірақ олай емес. Мысалы, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің үш президенттері жиналып, талқылау жүргізген кезде біреуі қарсы болса, онда ешқандай мәселе шешілмейді. Егер де екеуінің шешімі маған жақпайтын болса, мен қарсылық танытамын және осы орайда олар шешім жасай алмайды. Сондықтан барлығының құқығы бірдей», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл тұрғыда келісімге сәйкес, Қазақстан келіспейтін мәселелер туындаса, еліміз одақтан шығып кетуге құқығы бар екендігін қадап айтты.

«Егер де Тәуелсіздікке нұқсан келтірілсе, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта да болмайды. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген Тәуелсіздікті біз біріншіден, ешкімге бере алмаймыз, екіншіден, қасық қанымыз қалғанша оны қорғауымыз керек», - деді Н.Назарбаев.

Осы орайда Президент тығыз сауда жасайтын екі екі ел бір-бірінің тыныштығы мен бейбітшілігін қолдайтындығын, саясатына кіріспейтіндігін және жанжалдаспайтындығын атап өтті.

Ұлытау туристерге тартымды, ал халқымызға тәу ететін мекен болып қала береді.

Сонау бір жылдары қазақтың елордасына лайықты жер іздеу кезінде Ұлытауға да арнайы ат басын бұрғандығын атап өткен Елбасы: «Нағыз қазақтың ортасы. Бірақ қазіргі заманмен қарайтын болсақ, өздеріңіз де көріп отырғандай, бұл жерде не жол, не су, не әуежай жоқ. Бұл жерге қыруар қаражат керек болатын және түбінде бұл елордаға лайықты болмас еді. Бірақ қасиетті жер ретінде қала береді. Теміржол, көлік жолы салынып жатыр. Келешекте туризм болатын, халқымыздың келіп тәу ететін жер болып саналады», - деді.

«Сондықтан бұл жерде ешқандай да қорқатын, жасқанатын жағдай жоқ. Оның барлығын мен қарап отырмын. Қазақстанның Тәуелсіздігін қызғыштай қорғап жүрген қазақтың бірі мен ғой. Осы орайда елдің болашағына қарап отырған адаммын. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек. Жай бос сөзді қою қажет!», - деп түйді Елбасы.

Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазақтың қай қиырына барсаң да, қасиетті жерлер көптеп кездеседі. Мәселен, шығыста - Берел қорғаны, орталықта - қазақ пен қалмақ соғысқан Аңырақай, батыста - Алтын орда хандары тұрған Сарайшық,  оңтүстікте - Түркістан сынды қасиетті жерлер бар.

«Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біле бастаған елміз. Қазақтың тарихы өте үлкен. Оны да білуміз керек, қолға алып жүрміз. Қазақтың тарихы жылы жарияланды», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, дүние жүзінен, Қытайдан, Ираннан қазақ тарихына қатысты құнды жазба жәдігерлер жиналған.

«Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды білу үшін көп нәрсе жасаудамыз», - деді Елбасы.

Министрліктердің басына келген азаматтар мен азаматшалардың жасы 40 пен 50-дің арасында. «

Елбасы Жақында Үкіметте жасалған біраз өзгерістер Министрлер кабинетіндегі шенеуніктердің саны шағын болуына және олардың атқаратын жұмыстарын ауқымды етуге байланысты екеніне айта келе, «Байқасаңыздар, министрліктердің басына келген азаматтар мен азаматшалардың жасы 40 пен 50-дің арасында. Көпшілігі ағылшын тілін игерген. Олар - өз саласының мамандары. Бұл басшылар шетелдіктермен сөйлесе алады, келіссөздер жүргізуге қауқарлы», - деді.

Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінде елімізде білікті жас мамандар қатары көбейіп өсіп келе жатқандығын атап өтті.

«Олардың барлығы мемлекеттік қызметпен айналысуда. Олар Қазақстанда ең үлкен патриоттардың бірі болады. Сонымен қатар бұл мамандар Қазақстанды алға сүйрейді деп сенемін», - деп түйді Н.Назарбаев.

Имандылыққа, отансүйгіштікке баулитын ислам дінін құрметтеуіміз керек.

«Біз тәуелсіздік жылдарында дінімізді қайтарып келе жатырмыз. Қазір қарап отырсаң, қазақтың еш уақытта дінінен айырылмағандығын көруге болады», - деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, бүгінде біздің ғана дініміз жақсы деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болуда. Дін үшін бір мұсылман діні ішінде сүннит пен шиитке бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар да бар. Бір діннің ішінде соғысып жатқан католиктер де жеткілікті. Сондықтан да дін мәселесінде барынша абай болуымыз керек.

«Дінге бас ұрып жүрген кезде біз діннің жаман жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен дін орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз дегендер бар. Мұхаммед пайғамбардың сахабалары Омар, Осман, Әлидің кезіндегі халифатты қайта орнатамыз деген бұл жаулап алу мәселесі болатын», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, имандылыққа баулу, Отанын қорғау, Құранның қасиеттерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бауырмалшыл болу, үлкенді сыйлау, елді бірлікке шақыру деген сынды мәселелермен дінді өркендететін болса, онда діннің мемлекетке үлкен пайдасы, қамқорлығы болады.


«Міне, осындай өзіміздің мұсылман дінін, ислам дінін құрметтеуіміз керек», - деді Елбасы.

Ең бастысы, өзіміз қазақша сөйлеуіміз қажет.

«Қазақ тілінің қолданылуы мен өркендеуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Конституцияға «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылды. Енді ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп және тілге кедергі келтіріп отырған бір адам жоқ. Ең бастысы, өзіміз қазақша сөйлеуіміз қажет», - деді Президент.

Мемлекет басшысы жыл сайын елімізде 100 мың бала мектеп бітіретінін, соның 80 мыңы қазақ тілінде тәмамдайтындығын айта келе, барлық мектептерде қазақ тілін оқыту міндетті болып саналатындығын және қазіргі кезде балалар қазақша, орысша, ағылшынша сөйлей алатындығын атап өтті.

«Біз Тәуелсіздікті жариялағанда Қазақстанда қазақтың ауқымы 40 пайыз болатын. Қазір қазақтың ауқымы 65 пайызға жетті. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны көбейіп келе жатыр, оның ішінде негізгі көбейіп келе жатқаны - қазақтың саны. Ал енді барлығын тыйып тастап, қазақ тілінен басқасын заңмен алып тастасақ, онда Украинадағы жағдай болады. Қазір осыны түсінген шығар барлығы. Соны жасап, жұрттың барлығын басынан соғып отырып, қазақтың тіліне алып келіп, қантөгіс қылып, Тәуелсіздіктен айырылуы керек пе, әлде ептеп мәселемізді шешу керек пе? Сондықтан менің ойымша, бұл жерде сабырлылық керек. Болашақ біздің қолымызда, болашақ бізге жұмыс істеп жатыр. Тілді қолдану ауқымы артуда. Барлық облыстарда іс жүргізу қазақ тілінде өтеді. Оған ешкім кедергі жасамайды», - деді Елбасы.

Сондай-ақ Н.Назарбаев: «Бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін басқа ұлттар көбейіп келеді. Қазіргі кезде Қазақстанмен өзінің тағдырын қосқан адамдардың барлығы баласына қазақтың тілін үйретуде. Ал енді қазақпен тарихын, болашағын бірге деп санамайтын адамдар бәрібір көшеді, оған біз тыйым сала алмаймыз. Сондықтан өзіміздің халқымыздың сана-сезімін үйретіп, өз тілімізді өзіміз бағалап жүруіміз керек»,- деді.

«Тіліміз өркендеп, өсіп келе жатыр. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тілдің болашағы зор»,- деді Елбасы.

Сонымен қатар Президент бүгінде әлем халықтарының 70 пайызы ағылшын тілін қолданатынын, бұл ол бүгінде ақпараттың, ғылымның, білімнің тіліне айналғандығын, сондықтан еліміздің экономикасын көтеру бағытында жастар ағылшын тілін меңгеруі тиіс екенін айтты.

Тіл жоғалса, тілдік қасиет те жоғалады.

«Біз жалпы, шындығын айтсақ, тілден де, діннен де айырыла жаздаған елміз. Кеңес одағы кезінде тура орыстандыру мәселесі жүргізілді. Қазақтың тілі - кішкентай ғана топ қазақтың тілі, ол қайда шығады, кімге керек? Қазақтың шекарасынан шықсаң болды, тілдің керегі бар ма, жоқ па? Шындығында, бір жағынан қарасаң, ондай да бар. Бірақ біздің еліміз үшін, жұртымыз үшін қажет. Біз тарихымыз, мәдениетіміз, санамыз, ғұрпымызды өзіміздің тілімізбен ғана жеткізе аламыз», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, кейбір қазақтың сөз орамдарын, Абайдың қара сөздерін орысшаға, ағылшыншаға және басқа тілдерге аударып, дәл мағынасын беру мүмкін емес.

«Себебі тіліміздің өзінің қасиеті бар. Сондықтан тіл жоғалатын болса, онда қасиет те жоғалады», - деді Елбасы.

Жезқазған өңірінен 6 мың халықты жақсы аймаққа көшіру үшін мемлекет 250 млн. доллар қаржы бөледі.

«Бұл өңірде Қаныш Сәтбаев деген ғұлама ғалымның мыс кенін табуы мен Жезқазған қаласының орнауы екеуі бір-бірімен сабақтас. Қазіргі жағдайда 50-60 жыл өтіп, қанша кен, мыс шығарылды. Жердің қойнауындағы байлықтың таусылатын кезі болады. Сол сияқты Жезқазғанның төңірегіндегі мыс кені таусылып, қаланың жағдайы нашарлай бастады. Бұл табиғи мәселе», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, осы өңірде мыс кенін өндірумен айналысатын комбинаттың жұмысын ұзарту үшін тың шаралар қолға алынбақ.

«Комбинаттың жұмысын ұзарту үшін жердің астында қалған, орысша терминмен айтқанда, целиктерді игеру қажет. Мұндай ірі кендерді шахтаның төбесін ұстап тұру үшін әдейі қалдырып қояды. Сол кендердің ішінде бай мыс бар. Оны алу үшін үстінде тұрған ауылдарды көшіру қажет. Өйткені, целикті алған кезде жер төмен түседі де, ойдым-ойдым болып, барлығы жер астына түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін мемлекет 250 млн. ақша шығарып, алты мың жаман, жұпыны үйде тұратын халықты жақсы өңірге көшіріп, астындағы кенді алады. Ол жерлерден 200 млн. тонна мыс өндіріледі. Сонда комбинат 20-30 жыл жұмыс істейтін болады», - деді Н.Назарбаев.