ҚР президенті Олимпиада қалашығына барып, қазақстандық олимпиадашылармен кездесті

"Мен сіздерді жігерлендіру үшін, сіздерге өз қолдауымызды, барша Қазақстан халқының қолдауын сезіндіру үшін осында келіп отырмын. Сіздер Олимпиадада лайықты өнер көрсетеді деп сенемін. Жеңістер міндетті түрде болады", - деді Елбасы.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан құрамасының мүшесі, боксшы Серік Сәпиев олимпиадашылар атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа Олимпиаданың естелік медалін сыйға тартты. Мемлекет басшысы тарапынан көрсетілген айрықша назар спортшылардың үлкен тебіренісін тудырғаны байқалып тұрды. Көңілді жағдайда өткен бейресми сұхбат Елбасының споршылармен бірге суретке түсуімен аяқталды.

Содан кейін Қазақстан президенті Олимпиадалық бейбіт бітімнің нышаны болып табылатын "Бейбітшілік және достық" қабырғасындағы арнайы тақтаға қолтаңба қалдырды. Бұл тақтада қытай, ағылшын және француз тілдерінде мынадай сөздер жазылған: "Егер бейбітшілік 16 күн сақтала алатын болса, ол әрқашан өз жалғасын таба алады".