Қызылорда облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, ағымдағы жылы облыста бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, керамикалық кірпіш өндіретін, балық өңдейтін, қиыршық тас шығаратын зауыттар мен газды жер астына қайта айдайтын компрессорлық станция салу көзделуде.
Сонымен бірге, озық жобалардың қатарында Шалқия кенішін кеңейту және қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасын тұрғызу жобалары бар. Қазіргі уақытта басым бағыттардың қатарына уран кеніштерін кеңейту, күкірт қышқылы зауытын салу, цемент зауытын тұрғызу, мұнай-газ саласын модернизациялау сияқты жобаларды қосу мәселесі талқыланып жатыр. Сонымен бірге, Қызылордада әйнек шығаратын зауыт құрылысына инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілу үстінде.
Жалпы алғанда, Қызылорда облысы "Қазына" тұрақты даму қорына жалпы құны 58,9 млн АҚШ долларын құрайтын 11 инвестициялық жобаны таныстырды, деп хабарлады ішкі саясат басқармасы.