ҚР Президенті Уфада ШЫҰ және БРИКС саммиттеріне қатысады

Форумдардың бағдарламасы бойынша шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізу жоспарланған. Мемлекет басшылары әлемдегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Украина мен Грекиядағы ахуалды талқылайды, сондай-ақ күн тәртібінде ДАИШ террористік ұйымымен күрес проблемасы да бар. Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, халықаралық экономикалық ахуалды сауықтыру мәселелері қаралады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ертең ШЫҰ саммитіне қатысады, ал бүгін БРИКС саммитіне шақырылған мәртебелі мейман ретінде қатысуда. Сондай-ақ Елбасы Уфада бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп күтілуде.

Саммитте БРИКС-тің жаңа даму банкін құру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. «Біздің ойымызша, Жаңа даму банкі құрылып, БРИКС елдерінің валюталық резервтерінің пулы қалыптасқан соң әлемдік экономикада дағдарыс орын алған жағдайда ұлттық капитал нарығын тұрақтандыруға мүкіндік беретін ортақ тетіктер пайда болады. Сондай-ақ түрлі инвестициялық жобаларды бірлесіп несиелендіруге, жалпы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндіктер туады», - деді РФ Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков.

Аталған шаралар 10 шілдеге дейін жалғасады. Кездесулердің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірқатар құжаттарға қол қояды деп жоспарланған. Атап айтқанда, БРИКС саммитінің қатысушылары Уфа декларациясы мен іс-қимыл жоспарын қабылдайды.

ШЫҰ саммитінің негізгі тақырыптарының бірі - ұйымға жаңа мүшелердің қосылуы, соның ішінде Үндістан мен Пәкістан, кейін Иранның ШЫҰ-ға мүше атану мүмкіндігі қаралады. Саммиттерге қатысу үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің басшылары шақырылған.


ШЫҰ саммитінің қатысушылары 14 шешім қабылдайды, соның ішінде ұйымға Үндістан мен Пәкістанның қосылу үдерісін бастау туралы шешім де бар.  

«Басты құжаттар - Уфа декларациясы, 2025 жылға дейінгі ШЫҰ даму Стратегиясын бекіту туралы шешім, Үндістан мен Пәкістанды қабылдау процедурасын бастау туралы екі шешім», - деп атап өтті РФ Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков.

Айта кету керек, Башқұрт елінің астанасына ауқымды шарадан хабар тарату үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 1 мыңнан астам БАҚ өкілі келді.

Естеріңізге сала кетейік, БРИКС мүшелері - Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы. Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, РФ, ҚХР, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан мүше. Сонымен қатар Үндістан, Пәкістан, Иран, Моңғолия және Ауғанстан бақылаушы мәртебесіне ие. Биылғы жылы Ресей Федерациясы екі ұйымға да төрағалық етуде.