ҚР президенті Ұлттық банкке инфляцияны тежеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды

"Президент Ұлттық банктің инфляцияны тежеуге қатысты қызметін арттыру қажеттігін және бұл міндетті еліміздегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етумен бір қатардағы аса маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті", - деп көрсетілген баспасөз релизінде.

Құжатта хабарлағандай, Ұлттық банк төрағасы Ә.Сайденов Ұлттық банктің 2007 жылғы жұмыс нәтижесі жөнінде есеп берді. Жалпы Ұлттық банк төрағасының сөзіне қарағанда 2007 жылдың екінші жартыжылдығында орын алған қиыншылықтарға қарамастан қазақстандық банк жүйесі, жалпы отандық қаржы жүйесі әлемдік нарықтағы тұрақсыздықты табысты өткерді.

Баға өсімі жөнінде сөз қозғаған Ұлттық банк басшысы 2007 жылғы инфляцияның елеулі факторы ретінде әлемдік нарықта орын алған азық-түлік, энергия тасымалы, сондай-ақ бірқатар монетарлық факторлардың жағдаятын атап өтті. Соған қарамастан, Ұлттық банк басшысы атап көрсеткендей, 2008 жылдың І тоқсанының өзінде баға өсімінің қарқыны төмендеген.