Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы облыстық бір топ кәсіпкер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс әкімі Шалбай Құлмаханов пен Талдықорған қаласының әкімі Сәкен Жылқайдаровты жұмыстан босатуды сұрап өтініш жолдаған. Әкімдерге Ата заңның басты қағидалары мен "Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік іс-қызметтің еркіндігі туралы" заңның нормаларын бұзды деген айып тағылып отыр. Кәсіпкерлер облыс және қала әкімдері "облыс пен қаладағы кәсіпкерлердің бір бөлігінің ғана мүддесіне лобби жасап, өздеріне қарасты аймақтан бәсекелестерін әкімшілік әдіс-тәсілдермен ығыстырып шығаруға бағытталған қитұрқы саясат жүргізуде" деп мәлімдеген.
Мемлекет басшысына жолданған мәлімдемеден кейін президент әкімшілігінен комиссия құрылды. Бірқатар тексерулер жүргізген комиссия президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың атына анықтама әзірлеп, әкімнің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Болат Тәкенов пен Алматы облысының бас сәулетшісі Молдыбай Қалиевті жұмыстан шығаруға нұсқау берді. Бұл анықтама президент әкімшілігінің жетекшісіне таныстырылғаннан кейін Б.Тәкенов пен М.Қалиев қызметтерінен өз еріктерімен кетуге арыз берді.
Қазіргі жағдаймен Алматы облысындағы жағдай президент әкімшілігінің бақылауынан алынды.
KZ-today ақпараттық агенттігі 2005-жылдың 15-сәуірінде президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың атына ресми хат жолдап, Алматы облыстық кәсіпкерлердің Елбаының атына жолдаған мәлімдемесіне байланысты қолданылған шаралар туралы хабарлауды өтінген болатын. Алайда бұл сауалға күні бүгінге дейін жауап келген жоқ.