ҚР Қаржы министрлігі мүлікті заңдастыру үшін қажет құжаттарды белгіледі

Аталған рәсімді жүргізу үшін өтініш пен жеке куәлігінің көшірмесін беру қажет. Жылжымайтын мүлікті заңдастырған жағдайда, нысанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігіне аттестаттаудан өткен сарапшының қорытындысы, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нысанының техникалық паспорты қосымша тапсырылады. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев хабарлады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлікті заңдастыру үшін мынадай құжаттар қажет:

1) Белгіленген формаға сай екі дана мүлікті заңдастыру туралы өтініш;

2) Түпнұсқасын көрсете отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) Мүлікке құқық белгілейтін құжаттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі;

4) Мүлікті сатып алу немесе бағалау құнын растайтын құжат;

5) Жиын төлемін растайтын құжат (Активті сатып алу құнынан немесе мүлікті бағалау құнынан 10 пайыз. Бұл ретте егер мүлік құны шетелдік валютада көрсетілсе, өтініш берген күндегі Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен қайта есептеледі).

Шетел тілінде ресімделген құжаттар қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалдық куәландырылған аудармасымен берілуі тиіс.


Егер ҚР-дан тыс жердегі мүлікті заңдастыруға беру кезінде берілген құжаттар заңнама талаптарына сәйкес келмесе, онда құжаттар субъектіге толықтыру үшін қайтарылады. Құжаттарды қайтаруға негіз болатын себептерді жойған кезде субъект белгіленген заңдастыру мерзімі ішінде өтінішті қайта беруге құқылы.  Субъектінің өтініші 30 күнтізбелік күн ішінде қаралады, содан кейін мүлікті заңдастыру немесе бас тарту туралы шешім шығарылады.