ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі Наурыз банктің лицензиясын қайтарып алу мәселесін қарамақшы

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі басқармаларының қаулысы бойынша 2004-жылдың 9-қарашасынан бастап "Қазақстан Наурыз банкі" АҚ-ын үш айға консервациялау тәртібі енгізілді. "Наурыз банктің" іс-қызметінде анықталған заң бұзу оқиғалары осындай тәртіп енгізуге негіз болған. Атап айтсақ, "төлем жасау және ақша аудару операциялары бойынша шарт бойынша жүктеп алған міндеттемелерін жүйелі түрде дұрыс орындамау, құқықтық актілерді ұдайы бұзу, Ұлттық банктің немесе уәкілетті мекеменің жазбаша нұсқауларын орындамау, немесе, Ұлттық банкке яки уәкілетті мекемеге есеп құжаттары мен мәліметтерді бермеу, немесе, қасақана жалған құжаттар тапсыру" оқиғалары тіркелген.

Бұдан кейін Агенттіктің шешімімен банкті консервациялау мерзімі бірнеше мәрте ұзартылды.
Б.Жәмішевтің айтуынша, консервациялау мерзімін ұзарту , біріншіден, еліміздің банк жүйесіндегі ауқымды филиалдық желіні сақтап қалу талпынысына байланысты болмақ. "Біз банкті таратудан гөрі, оны сауықтырудан мүдделіміз",- деді ол. Сондықтан да банктің лицензиясын қайтарып алу мәселесі шешілмей отыр, деді Б.Жәмішев. Ал лицензия кері қайтарып алынғаннан кейін банкті тарату шарасы басталатыны белгілі.
Банкке ірі инвестор келген жағдайда ғана оны сауықтыруға мүмкіндік пайда болады. Алдын-ала бағаға сәйкес, Наурыз банкті сауықтыру шараларының алғашқы кезеңінде 50 млн. доллар қажет.
Наурыз банкке инвестор болуға ниет білдірген еліміздің үш ірі банкі ондағы қаржылық-шаруашылық ахуалмен танысқаннан кейін өз ниеттерінен бас тартты. Б.Жәмішевтің айтуынша, инвесторларға қатысты ахуал әлі де айқындалмай отыр. Агенттікке күні бүгінге дейін инвесторлардан нақты әрі сауатты жасалған ұсыныстар келіп түскен жоқ, деді мекеме басшысы.
Сонымен бірге Б.Жәмішевтің айтуынша, Ресейдің мемлекеттік банкі - Внешторгбанк те инвестор ретінде қарастырылып отырған жоқ. Өйткені, бұл банктен де нақты инвестициялық ұсыныстар келген жоқ.