ҚР қорғаныс министрінің бұйрығымен 30 лауазым иесі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысындағы кемшіліктері үшін жазаланды



Отырыс барысында 2005-жылдың алғашқы жартысында Қарулы күштердің қажеттігі үшін тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерін мемлекеттік сатып алу туралы ҚР заңнамасын орындау қорытындысы мен қазіргі ахуалы қаралды.
Кездесуде атап көрсетілгеніндей, бүгінде мемлекеттік сатып алу жоспары 99,33 процентке орындалды. Сонымен бір уақытта түрлі мемлекеттік және құқық қорғау мекемелері тарапынан ҚР қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде жүргізілген тексерулер барысында мемлекеттік сатып алуды іске асыруға қатысты бірқатар заң бұзу оқиғалары, соның ішінде әскери госпитальға арнап медициналық жабдықтар сатып алуға қатысты кемшіліктер әшкереленді.
Қорғаныс мекемесінің басшысы мен бас әскери прокурор кейбір басшылардың іс-қызметіне қатаң сын тағып, мемлекеттік сатып алу процессін реттейтін құқықтық-нормативтік актілердің талабын бұлжытпай орындауды талап етті.
Талдау нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды іске асрудың тиімділігін арттыруға әсер етуге тиіс шаралар кешені айқындалды,- делінген ҚР қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті