2014 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында 2014 жылғы 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілер мен жұмысшылардың еңбекақысын 10 %-ға көтеру туралы тапсырма берген болатын.
Аталған тапсырманы орындау үшін Үкімет «Азаматтық қызметшілерге, бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына толықтырулар енгізу туралы 2014 жылғы 27 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 269 қаулысы қабылданды және ол 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Осы қаулыға сәйкес 19-қосымшаға мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық жалақыдан 10 % үстемақы белгілеу туралы толықтыру енгізілді.
Соған байланысты, ҚР ҚК азаматтық персоналдарына үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап еңбекақыны есептеу жоғарыда аталған үстемақымен қоса жүргізілетін болады.
Қазақстанның Қарулы Күштерінде 19 мыңға жуық азаматтық қызметшілер қызмет өткеруде.
- Мұндай елеулі өзгерістер бізді алға жетелері анық. Азаматтық қызметкерлердің еңбекақысының қосылуы сапалы кадрларды тартуға, сондай-ақ мемлекетіміз қызметінің жоғары деңгейден көрінуіне мүмкіндік береді, - деп атап өтті ҚР ҚМ Бюджеттік жоспарлау және қаржы департаменті бастығының орынбасары Төлеген Құсыманов.
ҚР Қарулы Күштерінде жалақының өсуі жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын вайта кеткен жөн. 2009-2010 жылдар аралығында еңбекақы 2 есеге өсті.