ҚР Қорғаныс министрлігі Ирактағы оқ-дәрі жарылысы қасақана жасалған қаскүнемдік әрекет болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 9-қаңтарда Ирактың Васит провинциясында тиеулі оқ-дәріні түсіру сәтінде Қазбат капитаны Қайрат Құдабаев пен Украиналық сегіз сапер қаза тапқан. Сондай-ақ, төрт қазақстандық, жеті украиналық бітімгерші жараланды.

Украина қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша Ирактағы оқ-дәрі жарылысына алдын-ала жоспарланған арандатушылық шара себепші болуы мүмкін. Жарылыс болған жерден жарылғыш заттың бөлшектеріне ұқсас элементтер табылған.
Қазақстандық бітімгершілер батальонының бөлімшесін Ирактан шығару мүмкіндігі туралы KZ-today ақпараттық агенттігінің сауалына қорғаныс министрлігіндегілер "бұл мәселенің шешімін еліміздің саяси басшылығы шығарады" деген жауап келтірді.