ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне ISO 14001 стандартына сәйкестік сертификаты табыс етілді

Ол, министрлік Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының ішінде өз жұмысын экологиялық менеджменттің халықаралық стандарттарына сәйкестігін растаған алғашқы мекеме болып отыр. "Сонымен қатар, Қазақстан - экология саласындағы орталық атқару органы осындай сертификатқа лайық деп танылған алғашқы ел",- деп атап көрсетті министр.

"Министрлікте енгізілген экологиялық менеджмент жүйесінің негізіне мақсатты жоспарлау қағидалары қаланған. Осы мақсаттарда қоршаған ортаны қорғау саласында жаңа нормативтік құқықтық база құру жөніндегі қадамдар жасалды",- деп атап өтті Н. Ысқақов. Атап айтқанда ол, үстіміздегі жылдың қаңтарында қоршаған ортаны қорғау саласындағы барлық ратификацияланған конвенциялармен және келісім шарттармен үйлестірілген Экологиялық кодекс қабылданғандығын еске сала кетті.

Сонымен қатар, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі "Қуатты және жаңғыртылған ресурстарды тиімді пайдалану стратегиясын" әзірлеп, үкіметке енгізгендігін атап өтті Н. Ысқақов. "Балама қуат көздерін қолдау және ескірген және "лас" технологияларды әкелуге тыйым салуға бағытталған заң жобасы әзірленген, ол 2008 жылы үкіметке енгізілетін болады",- деді ол.