ҚР СІМ ЭСКАТО-ның 61-сессиясына төрағалық жасайды

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қ.Тоқаев Бангкокке БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) бас директоры, БҰҰ бас хатшысының орынбасары Ким Хак Судың шақыруымен бармақшы.

Азия және Тынық мұхиты елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және олардың өзара және үшінші елдермен ынтымақтастығына ықпал жасау мақсатын көздейтін ЭСКАТО комиссиясы 1947-жылы құрылған. Оған Азия және Тынық мұхиты аймағының 51 мемлекеті мүшелікке өткен.
ҚР СІМ-нің ақпаратына сәйкес, комиссияға мүше болып табылатын Қазақстан БҰҰ-ның бұл комиссиясымен түрлі бағыттарда ынтымақтастық орнатуда. Атап айтсақ, Қазақстан комиссияның қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық ынтымақтастық және сауда-саттықты дамыту мәселелеріне арналған кеңестеріне қатысуда. Республиканың мүдделі министрліктері мен мекемелері комиссияның тиісті бөлімдерімен жақын байланыс орнатқан. Қазақстан БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) жыл сайынғы сессияларына жоғары деңгейдегі өкілдерін жолдап, Комиссия сесияларында қабылданған бірқатар резолюциялардың тең құқылы авторы болып табылады.
Сонымен бірге Қазақстан БҰҰ-ның аймақтық комиссиялары - ЭСКАТО және Еуропалық Экономикалық комиссиялармен бірлесе отырып Қазақстан президентінің СПЕКА туралы бастамасын жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізуде. Бағдарламаның басты мақсаты - Орталық Азия республикаларына өзара ынтымақтастықты тереңдетуге, экономикалық дамуын жеделдетуге және Еуропа мен Азия елдерінің экономикасына интеграциялануға ықпал жасау болып табылады. ЭСКАТО мен Еуропалық Экономикалық комиссиясы СПЕКА бағдарламасын халықаралық деңгейде қолдап отыр.