ҚР СІМ Халықаралық Хельсинки федерациясын сайлауға бақылаушы ретінде аккредитациялаудан бас тартылу себебін түсіндіреді

Министрліктің баспасөз қызметінен таратылған хабарламаға сәйкес, Халықаралық Хельсинки федерациясының 30 өкілін сайлауға бақылаушы ретінде аккредитациялау туралы ресми өтініш ҚР СІМ-іне 13-қыркүйекте келіп түскен. Алайда, "өтініште тек адамдардың аты-жөндері ғана көрсетіліп, әрбір өкілді дербес тіркеу қағаздары толтырылмаған".

СІМ өкілдерінің ескертуінше, сайлау туралы заң талаптарына сәйкес, министрлік халықаралық бақылаушыларды аккредитациялау үшін Орталық сайлау комиссиясына олардың тиісті үлгі бойынша толтырылған анкеталық мәліметтерін жібереді. "Ал Халықаралық Хельсинки федерациясынан келтірілген құжаттарда тиісті тәртіп бойынша аккредитациялауға қажетті мәліметтер болмауға байланысты Федерацияға халықаралық бақылаушы анкетасының үлгісімен қоса министрліктің жауабы жіберілді".
Халықаралық Хельсинки федерациясының 29 өкілін сайлауға бақылаушы ретінде аккредитациялау туралы анкеталық мәліметтер ҚР СІМ-іне электронды поштамен 14-қыркүйекте келтірілді. "Алайда, заң бойынша шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушыларын аккредитациялау дауыс беруден 5 күн бұрын аяқталатындықтан, сайлау туралы заң талабы бойынша өтініш қабылданбауы тиіс".
ҚР СІМ-інен хабарлауынша, " бұған дейін аккредитациялау куәліктерін рәсімдеу үшін министрліккке келтіріліп, Орталық сайлау комиссиясына жолданған бірде-бір өтініш бойынша қандай да бір халықаралық немесе бейресми ұйыммен арада келіспеушілік туындап көрген жоқ".
Осыған байланысты ҚР СІМ-нің пайымдауынша, "Халықаралық Хельсинки федерациясы мәліметтерді кешіктіріп жіберу арқылы сайлауды өткізуге құзырлы ресми құрылымдардың беделін түсіруге қасақана әрекет жасап, саяси себепке байланысты аккредитациялаудан бас тартылды деп негізсіз айыптауда".
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстандағы сайлау барысын дүниежүзінің 44 елінен келген мыңнан астам халықаралық бақылаушылар қадағалайтын болады.