ҚР СІМ Қ.Тоқаев Джидда қаласында өткен экономикалық форумға қатысты

Форум аясында Қ.Тоқаев Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі қарқынды экономикалық даму тақырыбына арналған сессияда баяндама жасады. Министр елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгертулер мен стратегиялық даму бағдарламалары туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның қазіргі инвестициялық мүмкіндіктеріне де тоқталды. Баяндамадан кейін өрістеген пікірталас барысында Араб дүниесі монархиялық мемлекеттерінің еліміздегі инвестициялық қызметтері аясын кеңейту мүмкіндіктері жайында пікір алмасылды,- делінген хабарламада.

Джидда қаласына жыл сайын өткізілетін бұл форум Шығыс Араб әлемінің экономикалық тыныс-тіршілігіндегі маңызды оқиғалардың біріне саналады. Оған әлемдік ірі компаниялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер қатысты.
Форум аясында Қ.Тоқаев Түркия республикасының үкімет басшысы Реджеп Таип Эрдоганмен және Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мухаммедпен кездесті. Кездесулер барысында Азия құрлығындағы елдердің сауда-экономикалық саладағы өзара ықпалдастығы туралы сарапқа салынды.
Қ.Тоқаев сондай-ақ, Сауд Арабиясының іскерлік өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, инвестиция саласындағы өзара ынтымақтастық туралы талқылады.