ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің қайырымдылық көмек жүктерін тиеген ұшағы Пәкістанға ұшып кетті

"Бізге жолға шығуға рұқсат берілді. Ұшақ Исламабад қаласына дейін 3 сағат ұшып, бүгін кері оралады",- деп мәлімдеді журналистерге арналған қысқаша брифингте ҚР төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов.

Оның айтуынша, қайырымдылық жүктің құны 28 млн. теңгені құрайды. Министрдің айтуынша, ИЛ76Т ұшағы Пәкістан астанасына барлығы 40 тонна жүк, соның ішінде 10 тонна сиырдың бұқтырылған еті, 19 тонна ұн, 1 тонна кір жуатын сабын, 20 адамға арналған 26 қысқы шатыр, 520 дана мақталы төсеніштер, жамылғылар мен жастықтарды жеткізеді.
Азық-түлік өнімдері Қарағандыдағы қоймадан алынса, басқа заттар Алматыдан жеткізілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, оңтүстік-шығыс Азиядағы Пәкістан, Ауғанстан және Үндістан аумағын қамтыған қуатты жер сілкінісі 8-қазанда болды. Зілзаладан әсіресе Пәкістан Ислам Республикасы көбірек зардап шекті. Онда сілкініс қуаты 7,6 балл болған. Соның салдарынан бірнеше ондаған мың адам қаза тауып, 50 мың адам дәрігерлі көмекке зәру болуда. 2 млн.адам баспанасыз қалды.