"Біз республикалық бюджеттік комиссияға қаржыландыру көлемін алдағы үш жылда Ішкі жалпы өнімнің 0,4 процентіне жеткізу қажет екенін дәлелдеп, түбегейлі сендіргіміз келеді. Сондай жағдайда ғана бізде нақты әрекеттерге сәл-пәл мүмкіндік туындайды",- деді М.Көпей.
Министр осы орайда шешуді міндетті түрде талап ететін бірнеше проблеманы тізбеледі. "Теңізде мұнай өндіру операцияларының біршама қарқындануы мен көмірсутегі шикізатын тасымалдау шаралары Каспийдің және шекаралас мемлекеттердің экологиясы үшін залалды апаттардың туындау ықтималдығын арттыра түседі",- деді М.Көпей. "Ал елімізде қазіргі жағдаймен арнаулы кемелер де, апат зардаптарын жоюға және шоғырландыруға бағытталған апаттық-құтқару құрылымдары да жоқ",- деді ол.
Бүгінде өнеркәсіптің барлық салалары үшін техногендік апаттар пайда болу қаупінің өзектілігі артты, деп атап көрсетті М.Көпей. Оның айтуынша, ішінде стратегиялық маңыздылары бар 364 мыңдай өнеркәсіп нысандарындағы жұмыс қауіпсіздігін министрліктің бар болғаны 466 инспекторы қадағалайды.
"Өртке қарсы күрес қызметтерінің қызметкерлерінің саны мен жабдықталу деңгейі қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкеспейді",- деді министр. "Бұл проблеманы шешу үшін бюджеттен ауқымды қаржы бөлу қажет",- деді М.Көпей.
Министрдің айтуынша, төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі бөлімшелерінің арнаулы техникамен, апаттық-құтқару жабдықтарымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілу деңгейі өртке қарсы күрес қызметінде 52%, Азаматтық қорғаныс полктарында 60%, министрліктің шұғыл құтқарушы отрядтарында 50% құрайды. ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің авиациялық полкында АН-30 маркалы екі ұшақ, 1975-1977-жылдары шығарылған 6 тікұшақ бар. Олардың ішінен 1 ұшақ пен 3 тікұшақ қана жұмысқа жарамды. Құтқару қызметтерінің техникасын жаңалау үшін шамамен 32 млрд. теңге қажет.
М.Көпей сонымен бірге азаматтық қорғаныс нысандарының 30 жылдан артық пайдаланылып келе жатқанына депутаттар назарын аударды. "Олардың жер асты суларына шайылуы салдарынан жабдықтар мен металл конструкцияларды тот баса бастады",- деді ол. Министрдің мәліметіне сәйкес, бірқатар қорғаныс нысандарының дайындық жағдайының осалдығына кейбір ұйымдардың таратылуы кері әсерін тигізді. Ал жаңадан салынып жатқан нысандарда қауіп-қатер кезінде адамдар тығылатын орындар салынбайтын болды, деді ол.
Осы орайда М.Көпей еліміз аумағында тасқын болу қаупі бар 852 учаске, 5650 сел ошағы, лай-көшкін түсу қаупі бар 106 ошақ, қар көшкіні түсу қаупі бар 800 учаске бар екенін еске салды.