2011 жылдың 20 мамырында сағ.: 17.00-де Тұңғыш Президент Музейінде ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері, жас суретшілер одағының мүшесі Б.Әсемқұлдың «Өнер әлеміне самғау» атты жеке көрмесі ашылады.
Бейбіт Серікқұлұлы Әсемқұл 1985 ж. 6-мамырда Алматы обл. Жамбыл ауд. Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Ол Ә.Қастеев атындағы республикалық көркемсурет колледжін (1999-2004ж.ж.), Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мүсін және кескіндеме факультетінің станоктік кескіндеме мамандығын (2004-2009 ж.ж.) үздік бітірген.
Өзінің еңбекқорлығымен бейнелеу өнерінен орындаған әсерлі шығармаларымен танымал болып келе жатқан жас шебер. 3-жасынан бастап сурет салу өнерімен шыңдалған ол - бірнеше мәрте республикалық конкурстар мен Астанада өткен Халықаралық Дельфийлік ойындарының жеңімпазы, 2010 жылғы ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Бейнелеу өнері» аталымында «Арман қала – Астана» атты триптих кескіндемелерімен бас жүлдегер атанды. 2010 жылдан бері Жас Суретшілер Одағының мүшесі. Жас қылқалам шебері арнайы тақырыптарға суреттер салып, орта мектеп оқулықтары мен балалар баспасы кітаптарының мұқабаларын көркемдік рәсімдеу жұмыстарын жүргізумен қатар поэзияға қалам тартып, фотоөнермен айналысқанды ұнатады.
Оның жұмыстары Қазақстан мен шет мемлекеттерде жеке коллекцияларда, Алматы қ. Art Navad Arvest, Астана қ. Art Stori галереяларында орналасқан.
Б.Әсемқұлдың жеке көрмесі 2011 жылдың 13 маусымына дейін жалғасады.