ҚР үкімет басшысы халықаралық стандарттау жөніндегі ұйымның бас хатшысын қабылдады

Кездесуде ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру мәселесі сарапқа салынды. Д.Ахметов мейманға халықаралық стандарттармен үйлестіру үшін еліміз экономикасының нақты секторына арналған қазіргі қолданыстағы стандарттарды қайтадан қарау және жаңа стандарттарды жобалау жоспарлары туралы, сондай-ақ, отандық кәсіпорындарды халықарлық ИСО 9000 және 14000 стандарттарына тез арада көшіру шаралары туралы әңгімелеп берді.

Атап айтсақ, үкімет басшысы 2004-жылы елімізде халықаралық стандарттармен сәйкестендірілген 197 стандарт жобасын жасау, соның ішінде экономиканың нақты секторындағы қолданыстағы 61 стандартты қайтадан қарау көзделіп отырғанын хабарлады.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасының 2004-2006-жылдарға арналған ұлттық стандарттау және сертификаттау жүйелерін дамыту бағдарламасын жүзеге асыру "отандық өндірісті қолдауға, өнеркәсіп саласының экспорттық бағытын дамытуға, халықаралық сауда-саттық саласындағы техникалық тосқауылдарды жою , стандарттау және сәйкестілікті бағалау жолымен өнімнің бәсекелестік қабілетін арттыруға" түрткі болатынын атап көрсетті.