ҚР үкімет басшысы Ресей үкіметінің отставкаға кетуі екі ел арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейді дегенге сенім білдірді

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Владимир Путиннің ұстанымдарына сәйкес саясат немесе экономика салаларының қай-қайсысында да екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақты нығая түспек",- деді Д.Ахметов. "Бір-бірін заңды алмастыратын әрбір үкімет мұрагерлік принципіне бағынып, мемлекет басшылары қол қойған құжаттарға арқау болған бұрынғы қарым-қатынастарды сақтап қалады",- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 24-ақпанда Ресей президенті В.Путин М.Касьянов басқаратын үкіметті отставкаға жіберетінін жариялады. "Бұл бұрынғы үкімет жұмысының нәтижесін бағалауға мүлдем байланысты емес. Жалпы, бұл үкіметтің жұмысын мен қанағаттанарлық деп бағалаймын. Бұл шешім 2004-жылғы 14-наурыздан кейін еліміздің даму бағдары қандай болады деген мәселе бойынша өз ұстанымымды тағы бір паш етуге деген талпыныстан туындап отыр",- деді Ресей президенті.
Әзірге Ресей үкімет басшысының міндеті 1998-жылдың сәуір айынан бері РФ үкімет басшысының орынбасары лауазымын атқарып келген Виктор Христенкоға уақытша жүктелді.