Елбасының жарлығымен индустрия және сауда министрі болып Әділбек Жақсыбеков, қаржы министрі болып Ерболат Досаев тағайындалды. Сондай-ақ, ҚР президенті өз жарлығымен Темірхан Досмұхамбетовты Астана қаласының әкімі етіп тағайындады. KZ-today тілшісіне президент әкімшілігіндегі сенімді ақпарат көзінен хабарлауынша, Елордасының жаңа әкімін 16-маусымда түстен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей қалалық әкімшілік ұжымына таныстырады деп күтілуде.
Әділбек Жақсыбеков 1954 -жылы дүниеге келген. Мәскеудің Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының экономика факультеті мен Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының жанындағы жоспарлау факультетін бітірген. Экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. 1996-жылға дейін "Цесна " корпорациясының президенті болды. 1996-жыл бойы ҚР парламентінің сенат депутаты, 1997-жылдан бері Астана қаласының әкімі.
Ерболат Досаев 1970-жылы туған. Алматы энергетика институтын тәмамдаған, электрондық техника инженері. 1997-жылы "ТұранӘлемБанкі" ЖАҚ басқармалары төрағасының орынбасары, кейінірек "АТФбанк" ЖАҚ-ның басқарма төрағасы болып қызмет атқарды. 1998-жылы ҚР үкімет басшысының кеңесшісі болды. Ал 1998-жылдың шілде айынан энергетика, индустрия және сауда министрінің орынбасары , 2000-жылы қаржы министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2001-жылы Қазақстан даму банкінің директорлар кеңесінің төрағасы болып бекітілді. 2002-жылдың қаңтарында ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау Агенттігінің төрағасына тағайындалды. "Қазақстанның даму банкі" ЖАҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
Темірхан Досмұхамбетов 1949-жылы дүниеге келген. Қазақ физкультура және Аль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетін бітірген. Мамандығы денешынықтыру пәнінің мұғалімі және заңгер. Педагогика ғылымдарының кандидаты.
1996-жылдың қаңтарына дейін "Яссауи" АК-ның президенті, 1997-жылдың наурызына дейін ҚР жастар ісі және спорт жөніндегі министрі, 1997-жылдың қыркүйегіне дейін ҚР білім және мәдениет министрлігінің туризм және спорт департаментінің директоры, ҚР білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің туризм және спорт комитетінің төрағасы болды. 1998-жылдың қыркүйек айынан бері ҚР президенті әкімшілігінің іс басқарушысы міндетін атқарды.