Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, бейсенбі күні Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері кезекті 19-шы отырыста Алматы қаласында тұрғын үй рыногын тұрақтандыру жөніндегі шараны іске асыру мәселесін талқылады.
"Құрылысты аяқтау үшін қосымша несиелеуді қажет ететін нысандар тізімін ҚР Индустрия және сауда министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және "Қазына" ТДҚ" АҚ анықтаған. Аталған тізімге 3253 үлескері бар, жалпы алаңы 942,7 мың шаршы метр болатын, 22 тұрғын үй кешені (131 үй) енген. Осы мақсаттар үшін қайтарымды негізде 59 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында қаражат бөлінетін болады", - деп көрсетілген үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Қазына" ТДҚ" АҚ бір ай ішінде Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, белгілі бір құрылыс нысандарын аяқтауды қаржыландыруға бөлінген қаражатты мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету және әріптестік туралы келісімге қатысатын екінші деңгейлі банктермен жылдамдатылған банктік салымдар туралы шартты бекітуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері Алматы қаласында тұрғын үй рыногын тұрақтандыру жөніндегі шараларды іске асыру туралы ұсыныстарды мақұлдады.