Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасында телекоммуникация саласын дамытудың 2003-2005-жылдарға арналған бағдарламасын үкімет 2003-жылғы қаңтар айында бекіткен. Бағдарламаға сәйкес "Қазақтелеком" АҚ Бүкіләлемдік сауда ұйымының талабы бойынша 2004-жылдың аяғына дейін халықаралық және қалааралық байланыс қызметін ұсыну жөніндегі эксклюзивті құқығынан айрылуы тиіс. Бұл құқық "Қазақтелеком" АҚ-ына басқа байланыс операторларымен салыстырғанда артықшылықтар беріп келді. Сонымен бірге ондай құқықтың болуының арқасында ұлттық операторға жоғары пайдалы халықаралық және қалааралық байланыстың есебінен шығынды жұмыс істейтін жергілікті байланыс саласына ауыспалы субсидия бөлуге мүмкіндік берген. Бір жағынан бұл жергілікті байланысқа халық үшін төменгі тарифті сақтап қалуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан бәсекелестікті тежеп келді.
Бүгінде араларында "Нұрсат", "Арна" және "Қазтранском" тәрізді ірі компаниялар бар 4 байланыс операторы халықаралық және қалааралық байланыс қызметін көрсету үшін лицензия алуға сұраныс танытқан. Сондай-ақ, бұл рынокқа "Қазаэронавигация" да шыққалы отыр. ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігіндегілердің пайымдауынша, бәсекелестіктің дамуы "Қазақтелеком" АҚ-ына аталмыш қызмет түрлеріне жоғары тарифті ұстап тұруға мүмкіндік бермейді.
Бағдарлама жобасын жасаушы ҚР көлік және коммуникация министрлігінің есебі бойынша, халықаралық және қалааралық байланыс қызметінің тарифтерін небәрі 30 процентке арзандату аталмыш қызмет түрлері рыногының ауқымын жылына 15-22 млн. долларға өсіруге жол ашады. Ал халықаралық және қалааралық байланыс қызметінің рыногын ырықсыздандырудың бір жолғы тиімділігі 80 млн. долларды құрауы мүмкін. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 500 млн. теңге үнемделеді деп күтілуде.
Тұтастай алғанда, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің есебі бойынша, бағдарламаны 2005-жылдың аяғына дейін жүзеге асыру нәтижесінде әрбір 100 тұрғынға шаққандағы фиксациялы телефон желілерінің тығыздығын 17,5 -ке дейін, ұялы байланыс қызметі абоненттерінің тығыздығын әрбір 100 тұрғынға шаққанда 11-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Ал Интернет желісін тұтынушылар саны 450-500 мыңға, жергілікті байланыс желісін сандық жүйеге көшіру көрсеткіші 60, магистралдық желінікі 100 процентті құрамақ.