ҚР үкіметі шағын кәсіпкерлікті қолдау қорының тактикасын қайта қарау мәселесін талқылауда

Қазақстанда экономиканың жекелеген секторлары үшін қолайлы ставкалы несиеге қол жеткізу қиындық тудырып отырғанын атап өткен Агенттік басшысы, дегенмен, ставка мөлшеріне тек экономикалық әдістермен ғана әсер етуге болатынын айтты.

"Несие өсімінің жоғарылығы туралы мәселе қозғаудың обьективті себептері түсінікті, өйткені, экономика арзан несиелер тартуға мүдделі. Алайда, бұл ретте ставканы реттеудің әкімшілік шараларын қолдану мүмкін емес, экономикалық әдістердің ғана құзыры жүруі тиіс",- деді ол.
Атап айтсақ, шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры үкімет айқындап берген экономикалық басым бағыттар бойынша шағын кәсіпкерлік субьектілеріне несие берген екінші деңгейлі банктерге қаржысын кері қайтарып алуға кепілдікті қамтамасыз етуге бетбұрыс жасайды. Ал бұған дейін қор шағын кәсіпкерлік субьектілеріне несие беруде екінші деңгейлі банктермен бәсекелестікке көңіл бөліп келді.
Б.Жәмішевтің пікірінше, ірі бизнес өкілдері үшін несие ставкасын азайту қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарын енгізуге түрткі болмақ. "Қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарын енгізу ірі кәсіпорындар іс-қызметінің ашықтығын қамтамасыз етсе, бұл өз кезегінде олардың несиелік қабеліттілігін дәлелдеуге түрткі болады",- деді ол.
Ал тұтыным несиелері ставкасының жоғарылығына тоқталған Б.Жәмішевтің пікірінше, елімізде тұңғыш Несиелік бюроны құру олардың төмендеуіне алып келуі тиіс. Алайда, агенттік төрағасының айтуынша, несиелік тарихты жинақтау үшін уақыт қажет. "Несиелік бюро құру - тұтыным несиелерінің өсімін азайтушы фактор екені рас. Бірақ бюро жұмысынан тиімділікті дәл ертеңнен бастап күтуге болмайды",- деді ол.