Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры Қуат Ақжанов мәлім етті.
«2014 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша халықаралық банктер (Халықаралық даму және қайту құру банкі, Азиялық даму банкі, Еуропалық даму банкі, Ислам даму банкі) алдындағы мемлекеттік (үкіметтік) қарыз 4 млрд. АҚШ долларын құрады немесе Үкіметтің жалпы сыртқы қарызынан 81,3 пайызды қамтыды», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Үкімет сырттан қарыз ала отырып, республикалық бюджет тапшылығының бөлігін жабумен қатар, ел экономикасында басымдықты инвестициялық жобаларды қаржыландырады.
«Қазіргі кезде үкіметтік сыртқы қарыз алу аясында жүзеге асыру кезеңінде жалпы сомасы 5,2 млрд. доллардың 21 жобасы қамтылған. Қазіргі портфельдегі салалық құрылымда іске асырылып отырған займдарда жол құрылысы басым бөлігін алып отыр - 94 пайыз. Ал қалған 6 пайызына денсаулық сақтау, білім беру мен ғылым, мемлекеттік басқару және қоршаған ортаны қорғау бағыттары тиесілі», - деді ол.
Мәселен, үкіметтік сыртқы займдардың есебінен Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысы аясында жолдарды қайта жасау, сондай-ақ Маңғыстау облысында «Бейнеу-Ақтау» автожолын қайта жасау» жобасы аясында жұмыстар қарастырылған.
Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2014 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 4 833,4 млрд. теңгені (26,3 млрд. АҚШ доллары) құрады. Мемлекеттік борыштың жалпы көлемінде үкіметтік қарыздың үлесі 99,5 пайызды қамтып отыр.
Қ.Ақжановтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанның мемлекеттік қарызының деңгейі шектен тыс асып отырған жоқ. Үкіметтік қарыз деңгейі мен өтеу ағымы қауіпсіз аралықта тұр.