ҚР Ұлттық банкі бұған дейінгі инфляция көрсеткіштерінің болжамын әзірге қайтадан қарамайды

ҚР статистика жөніндегі агенттігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, мамыр айында инфляцияның жылдық көрсеткіші 7,8 процентті құрады. Соңғы үш ай бойына тұтыным тауарлары бағасының ай сайынғы өсімі 0,6 процентті құрап отыр. Бұл да былтырғы жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен жоғары. "Әр ай сайын былтырғы трендтен арту ағымы байқалады. Бұл - біздің болжамдарымыз баға өсіміне сәйкеспей отырғанын көрсетеді",- деді Ұлттық банк басшысы.

Дегенмен, Ә.Сәйденов 2005-жылғы инфляция деңгейіне қатысты қандайбір ақырғы тұжырым жасау және инфляция параметрлерін қайтадан қарау ерте деп санайды. Инфляцияның қазіргі өсіміне жеміс-жидек пен көкөніс бағасының маусымдық қымбаттауы әсер етті, дейді Ә.Сәйденов. Дегенмен баға жаздың үш айында арзандауға тиіс. "Мамырда азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауы жеміс-жидек пен көкөніс бағасының 5,2 процентке (жылдық көрсеткіш бойынша 26 процентке), ет және ет өнімдері бағасының 2 процентке (жылдық көрсеткіш бойынша 14 процентке) қымбаттауына тікелей байланысты болды. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың арасынан бірінші кезекте жанар-жағармай бағасы өсті. Мәселен, жанармай бағасының жылдық өсім көрсеткіші 26 процентке жетті",- деді ол.
Ә.Сәйденов жаз айларында жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы арзандауының нәтижесінде жалпы инфляциялық деңгейді тепе-теңдікке алып келеді деген пікірде. Дегенмен, оның айтуынша, жылдың соңғы үш айы да бағаның өсімі тұрғысынан қауіпті болмақ.
"Республика үкіметі мен Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтауға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырып жатқаны белгілі. Бұл тақырып алдағы бірлескен отырыстардың бәріне де арқау болмақ",- деді Ұлттық банк басшысы.